374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО халқы биыл 2 мың адамға азайған

  • 184
  • UPD: 20:02, 10.09.2018
СҚО халқы биыл 2 мың адамға азайған

Биыл Солтүстік Қазақстан облысының халқы 2 мың адамға азайды.

Мамандардың айтуынша, әсіресе ауылдан қалаға көш түзейтіндер көп. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірде 10 адамнан аз тұратын 38 елді мекен бар.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Twitter@91Aidarbek

– Янцено ауылы тура тасжолдың бойында орналасқан. Ара қашықтығы шамамен – 2 шақырым. Кезінде бұл дүркіреп тұрған елді мекендердің бір еді. Ал қазір мұнда бір ғана үй түтін түтетіп отыр.

Александр Бурмагин 7 жыл жалғыз тұрады. Қария қайың жапырақтарын жинап сатады. Бау-бақшасы да бабында: қияр, қызанақ, картоп, қырыққабат егілген.

Ал Соколовка ауылының тұрғыны Валентина Мединскаяның 4 бірдей баласы Ресейге көшіп кеткен. Қазір кенже ұлының үйін сатуға қойды. Зейнеткердің айтуынша, жастарға жұмыс жоқ.

Валентина Мединская, Соколовка ауылының тұрғыны:

– Соколовка кезінде қандай ауыл еді? Аудан орталығы болды. Көл де, өзен де жанымызда. Қазір жұмыс жоқ. Сондықтан бәрі көшіп жатыр.

Соколовка ауылында «үй сатылады» деген жазуды жиі көруге болады. Қазір елді мекенде 600 түтін бар. Тұрғындар тарыдай тарап жатыр. Оның себебі – тағы да жұмыс.

Әскер Сейітов, Соколовка ауылдық округінің әкімі:

– Ауылда ірі шаруашылық жоқ. Тұрғындар шағын және орта бизнеске ден қойған. 22 дүкен, 2 ағаш өңдеу кәсіпорны бар. Жыл басынан бері 97 адам жұмысқа орналасты.

Жұмыссыз жүрген жұрт жақсы өмірді қаладан іздейді. Мәселен, биыл Петропавлға 1 жарым мыңдай ауыл тұрғыны көшіп келген. Басқа жаққа да көш түзегендер көп.

Қуанышбек Қалижанов, облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Облыстан 6 мың 51 адам көшіп кетті. Қазақстанның басқа облыстарына 4 мың 48 мың адам кетсе, ТМД-ға 1814 адам кетті және әлемнің басқа елдеріне 189 адам қоныс аударды.

Өңірде Ресейге көшіп кеткендер де кем емес. Мәселен, биыл көрші елдің азаматтығын 1 мың 200 адам алған.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев

Осы категория бойынша: « Ақтау теңіз айлағының мәртебесі өзгерді Елімізде жастардың 9,5 пайызы жұмыссыз отыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы