360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Экстремизммен күрес. Халықаралық заң жобасын құру ұсынылды

  • 150
  • UPD: 21:34, 09.10.2018

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XVII отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар24».

Экстремистік материалдардың таралуына тосқауыл қою үшін халықаралық заң жобасын құру қажет. Өйткені экстремистер жалған дін идеясын насихаттау үшін әлеуметтік желіні кеңінен пайдаланып жүр. Бүгін бұл туралы Сауд Арабиясы Корольдігінің ислам істері жөніндегі кеңесшісі Абдулла ибн Фахд әл-Лихидан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының 17-отырысында айтты.

Ұлтты әлсіретудің, ел бірлігіне сызат түсірудің сан түрлі айласы бар. Экстремистер соның ең тиімді жолын таңдап, яғни әлеуметтік желі арқылы жалған дін идеясын кеңінен насихаттап жүр. Мұның тамырына балта шабу үшін бүгінгі отырысқа қатысушылар тың ұсыныстар айтты. Мысалы, Сауд Арабиясы Корольдігінің ислам істері жөніндегі кеңесшісі Абдулла ибн Фахд әл-Лихидан экстремистік материалдардың таралуына тосқауыл қоятын халықаралық заң жобасын құру қажет екенін айтты. Өйткені әлемде шиеленістер мен ашық қақтығыстардың жаңа ошақтары пайда болып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы

– Жалған ұрандарды жереу еткен жасанды діни құндылықтар террорды насихаттаушылардың қырып-жою қаруына айналды. Мәдени және діни ерекшеліктерді бұрмалап, әлеуметтік жағдайы мен сауаты төмен тұрғындарды өз мүдделері үшін пайдаланатын топтар өз жақтаушыларын көзсіз табынуға мәжбүрлеп отыр. Сондықтан қырып-жоюды емес, жасампаздықты алға тартатын рухани көшбасшылардың рөлі аса маңызды. Олар діннің шынайы бет-бейнесін айқындап көрсете алады.

«Әлемдегі соңғы геосаяси және геоэкономикалық жағдай түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Нәтижесінде әлеуметтік теңсіздік, этносаралық және дінаралық төзбеушілік сияқты өткір мәселелер ушыға түсті. Түрлі діни сенімдер арасына іріткі салып, бір-біріне қарсы қойып жатқан жағдайлар жиілей түсті», – дейді Ағылшын шіркеуінің Епископы Ричард Аткинсон. Сондықтан рухани басшылар бас қосқан басқосудың мәні мен маңызы зор.

Серікбай қажы Ораз, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:

– Мұндай съезд адамзат баласының бірлігі, татулығы, сонымен бірге дінаралық диалог, әлем тыныштығы үшін көп пайдасын тигізеді деген ойдамын.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі өз жұмысын ертең бастайды. Бүгінгі жиынға қатысушылар осы съезд хатшылығының келесі, яғни 18-отырысын келер жылы Астанада өткіземіз деп келісіп, тарқасты.

Авторлары: Ж.Біркенов және Ғ.Алшынбаев

 

Хабар 24 телеарнасы