383,62 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да жол ережесін бұзған шетелдік көліктерге бақылау күшейді

  • 278
БҚО-да жол ережесін бұзған шетелдік көліктерге бақылау күшейді

Өткен күзден бастап Еуразиялық одаққа мүше елдердегі көлік құралдарына жеңілдетілген тәртіп енгізілді.

Яғни одақтас елдердің автомобильдері 6 айдан соң кері шығуы немесе уақытша тіркелуі тиіс деген шектеу күшін жойды. Өз кезегінде шекаралас аймақтарда, соның ішінде Батыс Қазақстан облысында да шетелдік көліктердің саны күрт артты. Еш жерде тіркелмеген темір тұлпарлардың еркінситіні сонша, жол ережесін жиі бұзатын. Олар туралы дерек болмаған соң жүргізушілерін жазалау да мүмкін емес еді. Енді шетелдік көлік иелері аяғын аңдап басатын болды. «Авто-ураган» кешені тиісті бағдарламалық жетілдіруден өтті. Үш күн ішінде Оралда ресейлік нөмірлі 72 көлік ұсталды. Олардың бәрі де ереже бұзғаны үшін көше камераларының назарына іліккен. Әлі 600-дей шетелде тіркелген автокөлік іздестіріліп жатыр.

Олжас Ибрайымов, облыстық полиция департаменті басқармасының бөлімше басшысы:

– Жол жүру ережесін бұзушылықтар бойынша 651 мың теңге айыппұл өндірілді. Ұсталғаннан кейін автокөлікті басқарып жүрген азаматқа хабарлама жіберіледі. Және 30 күн ішінде ерікті төлеу үшін мүмкіндік беріледі. Егер 30 күн ішінде төлемей, әрі қарай айыппұл төлеуден жалтаратын болса, ол азаматқа қатысты мәжбүрлеп өндіру шаралары қозғалады, яғни автокөліктері ақылы автотұраққа қойылатын болады.

Хабар 24 телеарнасы