384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында тас жол сапасыз салынған

  • 319
  • UPD: 12:24, 08.11.2018

Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар Қалқаман-Баянауыл тас жолы мүлдем сапасыз салынған.

Үш ай бұрын ғана төселген асфальт ойылып, жүруге жарамай қалыпты. Әуелде құрылыс басталғанда жол азабын тартып келген жұрттың қуанғаны рас. Себебі бұрын грейдер болған бұл аралыққа бірінші рет жаңа технологиямен асфальт салынған еді. Алайда Қарағанды облысының аумағына тиесілі 34 шақырым жол жарты жылға жетпей үгіліп жатыр.

Қалқаман-Баянауыл тас жолымен негізінен Жасыбай демалыс орнына баратындар көп жүреді. Бұрын грейдер болған бұл аралыққа биыл бірінші рет жаңа технологиямен асфальт төселді. Алайда жарты жылға жетпей, жол ойылып жатыр. Екі облыстың арасын жалғайтын бұл күре жолдың 34 шақырымы Қарағанды аймағына тиесілі. Соның 17 шақырымын тендерден ұтып алған компания жұмысты өте сапасыз жүргізген.      

Дәурен Бердалин, жүргізуші:

- Үш айдың жүзі өтпей тас жол тесіліп, жарыла бастады. Оны ақыры бітеп еді. Бітеген жерлері үгіліп жатыр. Тастарының түрі мынау. Мынау көктем кезінде, қар ерігеннен кейін не болады?

Сәрсенбай Төлеубайұлы, жүргізуші:

- Істеген жолдарының сапасы нашар. Бұрынғы таз кейпіне келіп тұр. Ой-шұңқыры шыққан. Адам деген дұрыс істеуі керек қой. Көктемде бұл жоқ болады.

Жөндеу жүргізген мердігер компания өкілдері сұхбат беруден бас тартты. Ал құрылысқа тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» мекемесінің мамандары сапасыз жол қайта жөнделеді деп отыр.

Асқар Сұлтанбеков, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

- Ол жерде ауыр машиналар жүрді де, ауа райының қолайсыздығы да болды. Ол жол екі жыл кепілдікте. Қайтадан кесіліп, қайта жөнделеді деген ойдамыз. Мердігер өз қаржысына, өз шығынымен салады.

Жалпы бұл тас жолды жөндеуге республикалық бюджеттен 926 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Оны желге ұшырған мердігер компания енді шығынның орнын өзі толтырмақ. Айта кету керек, Қарағанды мен Жезқазған қалаларының арасын жалғап жатқан күре жолдың Дубовка мен Ақтас елді мекені арасындағы учаскесі де осы жазда жөнделген болатын. Бірақ бір ай өтпей тоз-тозы шығып, қазір қайта жамалды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы