378,62 431.00 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда Елбасы жайлы жаңа кітап жарық көрді

  • 961
  • UPD: 23:27, 29.11.2018

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Көкшетауда Елбасы туралы тағы бір жаңа кітап жарық көрді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Әлемге, ғарышқа, болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» деп аталатын туындының авторы – көкшетаулық белгілі жазушы-драматург, журналист, экс-сенатор Жабал Ерғалиев. Тиражы 1 мың даналық кітапты шығаруға облыстық әкімдік қолдау жасаған. 

«Уақыттың бетіне ұялмай тура қарай аламыз» деп басталатын кітап негізгі үш бөлімнен тұрады. Жазушы Елбасының ерекше қырлары жайлы, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы бастан кешкен барлық оқиғалары туралы жиған-тергенін 488 бетке сыйдырыпты.

Кітаптың тұсаукесеріне жиналған көкшетаулық ақын-жазушылардың айтуынша, мұндай құнды дүниелер жоғары оқу орындарының кітап сөрелерінде де тұру керек. Ал жазушының өзі жаңа туындының алғашқы легін облыстық кітапханаға тарту етті. Енді бұл кітап барлық қалалық және аудандық кітапхаларға таратылады. 

Жабал Ерғалиев, кітап авторы:

– «Әлемге, ғарышқа, болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» деп отырғанымыздың себебі, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ халқын әлемге танытқан, қазақтың жолын болашаққа ашып бергенін айтуға тиістіміз. Осы кітапта тағы бір сөз бар: «Қазақ халқының тағдыры мен тарихы Елбасының тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Елбасының тағдыры мен тарихы қазақ елінің тағдыры мен тарихы болып қалыптасты. Бұл екеуін бөле-жара қарауға болмайды».

Сөз соңында жазушы қазір «Нұрлы жол» атты тағы бір тың шығарма жазып жатқанын жеткізді. Ал онда еліміздің соңғы жылдардағы жеткен жетістіктері баяндалады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы