430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандағы әрбір төртінші сәби Шымкент пен Түркістан облысында дүниеге келеді

  • 2211
  • UPD: 23:16, 02.01.2019

Шымкенттің «миллионды қала» мәртебесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Астана мен Алматыдан кейінгі мегаполис атанған шаһарда енді туристер саны артады деп болжанып отыр. Осы арқылы аймаққа құйылатын инвестиция көлемі ұлғаймақ. Сондай-ақ Шымкенттің ел демографиясына да қосып отырған үлесі зор. Себебі Қазақстандағы әрбір төртінші сәби осы Шымкент пен Түркістан облысында дүниеге келеді. Мәселен, шаһарда өткен жылдың 11 айында 24378 нәресте жарық дүние есігін ашыпты. Оның 180-ке жуығы егіз, 4 үшем. Сондай-ақ еліміздегі үшінші мегаполис саналатын Шымкенттің агломерациясын дамытуға басымдық берілмек. Мұндағы мақсат - қала аумағындағы елді мекендердің әлеуметтік, экономикалық һәм инфрақұрылымдық мәселелерін шешу. Қазіргі таңда агломерацияға Шымшаһармен қатар Түркістан облысының 367 елді мекені орналасқан 7 ауданы кіреді.

«Ал шаһар солтүстік-батыс және шығыс бағытқа қарай дамиды», - дейді қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасындағылар. Шымкенттің іргесінде «Шым сити» қалашығын өркендетуге аса басымдылық беріліп отыр. 420 гектар аумақты алып жатқан қалашықта 316 нысан бой көтереді. Шаһардағы ең биік 25 қабатты зәулім үйде осында тұрғызылмақ. Онда 70 мың адам қолжетімді баспанамен қамтылады деген жоспар бар. Сондай-ақ Қошқар ата өзенінің жағалауы жаңа келбетке енбек. Мұнда «Ескі қаланы жаңғырту» жобасы аясында өзен бойында «Қошқар ата» тұрғын үй кешені бой көтереді.

Еркін Сатқанбаев, қалалық мәслихаттың депутаты:

- Шымкент қаласы бұдан да өркендеп дамиды. Экономикасы дамиды. Оның табыс көздерінің барлығы күшейеді. Енді бізге инвестиция келеді. Бізге халық келеді. Туризм дамиды. Одан кейін бұл тарихи өлке ретінде өз алдына статусы бар бұл қалаға тағы да кеңейеді.

Хабар 24 телеарнасы