384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аягөзде тәулігіне 1400 бас союға қауқарлы ет комбинатын салу жоспарлануда

  • 900
  • UPD: 13:36, 27.01.2019

Шығыс Қазақстан облысында мал басы көбейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, бір ғана Аягөз ауданында 83 мың ірі қара, 270 мың қой, 40 мыңға жуық жылқы бар. Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 24 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін кешенді жоспарлар жасалып, мемлекеттік қолдау тетіктері де қарастырылған. Әкелі-балалы Тұрысбековтер әулеті де атадан қалған кәсіпті жандандырып, алдарына айқын мақсат қойып отыр.

Аягөз ауданы – Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігіндегі қысы ұзақ әрі қатал өңірлердің бірі. Осыдан 17 жыл бұрын ата кәсіпке бет бұрған Бақытбек Тұрысбекұлы мұны жақсы білген. Алғашында азын-аулақ қой-ешкі, бірер ірі қарамен іс бастаған шаруаның бүгінде қорасы қойға, өрісі жылқы мен сиырға толып келеді. Жергілікті тұрғындардан 14 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Бақытбек Тұрысбекұлы, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Қазақтың кең даласын ата кәсібіміз – төрт түлікке толтыруымыз керек. Біздің мақсатымыз – малды асылдандырып, шетелге экспортқа шығу. Қазір мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасымен қаражат алып, көп жастар малға бет бұрып келеді. Біз оған қуаныштымыз, артымыздан осы ісімізді келешек жалғастырса дейміз.

Қазір мұнда 700-ден астам ірі қара, 300-ден астам жылқы бар. Оларға жем-шөп әзірлеу, қысы-жазы малдың күйін кетірмеуге қос ұлы көмектеседі.

Берік Бақытбекұлы, жас фермер:

– Мақсат – ауыл шаруашылығын дамыту. Біз отбасымызбен ауыл шаруашылығын кәсіп қылып отымыз. Елбасымен 2 рет кездесуге барғанмын. Елбасымыз жастарға үлкен сенім артып отыр.

Мал шаруашылығын дамытуға жыл сайын мемлекет қолдауы да артып келеді. Соның арқасында техника жаңаланып,қыстақта жел электр стансасы орнатылыпты. Болашақта шаруашылық мың бастық ірі қараға арналған бордақы кешенін ашуды жоспарлап отыр. Қазір жайылым, мал азығы, асылдандыру сияқты мәселелер тиянақталып жатыр.

Дархан Жөргекбаев, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:

– 2018 жылы ауыл шаруашылығы саласында түрлендіруге, асыл тұқымды мал сатып алуға, сонымен қатар техникаларды субсидиялауға 800 миллион қаражат бөлінген. Қазір шаруа қожалықтарының бәрі оны алды. Биыл 1 миллиард теңгедей жеңілдетілген субсидия аламыз ба деген жоспарымыз бар. Техника жаңартуымыз керек, Ресей, жақын, алыс шетелден асыл тұқымды мал әкелеміз деген жоспарымыз бар.

Биыл Аягөз ауданында тәулігіне 1400 бас союға қауқарлы ет комбинатын салу жоспарланып отыр. Ол үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы мемлекет қазынасынан инфрақұрылымдық жүйелер тартуға 468 миллион теңге бөлінген. Мақсат – экспорттық әлеуетті арттырып, көршілес аудандардағы мал басының өсуіне ықпал ету.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов

Хабар 24 телеарнасы