384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тегін емделудің жолдары қандай?

  • 708
  • UPD: 09:51, 25.02.2019
Тегін емделудің жолдары қандай? elorda.info

Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры ауруханада тегін емделудің жолын түсіндірді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

Қордың баспасөз қызметі ауруханада тегін емделудің екі жолы барын атады.

Жоспарлы түрде ауруханада емделу: дәрігердің бағыттауы бойынша созылмалы аурулар мен өмірге қауіп төндіріп тұрмаған ауруларды емдеу. Шұғыл ауруханаға жатқызу: науқастың өміріне қауіп төндіріп тұрған, кейінге ысыруға келмейтін ауру бойынша стационардағы ем.

Шұғыл емдеу әрдайым тегін жүргізіледі. Стационардағы жоспарлы ем болса, дәрігердің бағыттауы бойынша тегін жүргізіледі. Ол емді қалай алуға болады?

- өзіңіз қаралып жүрген ауруханаға барыңыз;

- дәрігер сізді қарап, ауруханаға жатқызу қажеттігін растау үшін тексеріс тағайындайды;

- тексерістен өтіңіз;

- дәрігердің бағыттауын ресімдеп алыңыз;

- сіз өз дәрігеріңізбен бірге емделетін медициналық ұйымыңызды таңдап ала аласыз;

- ауруханаға өтінімді тіркеңіз: сіздің мәліметтеріңіз «Ауруханаға жатқызу бюросы» порталына тіркеледі;

Көп жағдайда ауруханаға жатқызу мерзімі автоматты түрде белгіленеді.

Мамандандырылған ауруханаларда - онкологиялық, психиатриялық, наркологиялық, тері-венерологиялық немесе инфекциялық, басқа да емханаларда емделу мерзімі стационармен бірге айқындалады.

- ауруханаға жатып емделу үшін талон алыңыз: сізге талонды кодпен бірге береді;

- https://bg.eisz.kz/ сайтына кодты енгізіп, кезекті күтіңіз.

Ауруханаға жатар күні өзіңізбен бірге келесі құжаттарды алып жүруді ұмытпаңыз:

- жеке куәлік;

- ауруханаға жатуға арналған талон;

- диагностикалық тексеру нәтижелері;

- ауруханаға жатқызу туралы бағыттама-құжат.

Егер стационарлық ем басқа қалада жоспарланған болса, билет жайын өзіңіз реттегеніңіз дұрыс. Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры көлік шығынын өтемейді.

Егер ауруханаға жатуға қатысты кедергілер кездессе, дәрігерге бұл туралы ескерткеніңіз дұрыс. Әйтпесе, ауруханаға жатқызу мүмкіндігі жойылып кету мүмкін.

Ауруханаға жатқызудан келесі жағдайларда бас тартылуы мүмкін:

- егер ауруханаға жатудан бұрын науқас ауруханада қажетті тексерістен өтпеген жағдайда, қосымша тексерістен өтпеген уақытта;

- жоспарлы ауруханада емделуге қатысты науқаста қарама-қайшылық кездессе;

- науқаста стационарлық көмектің көрсетілгені жайлы құжаты болмаса, егер шешіммен келіспесең, Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына өтінішпен шыға аласыз.

Стационар науқасты бір тәулік күтеді. Уақытылы келе алмаған жағдайда бұл туралы ескертілуі керек. Әйтпесе, науқастың өтінімі күшін жояды.

Егер сізге жоспарлы ауруханадан емделуден бас тартылса, қордың халықпен жұмыс бойынша департаментіне хабарласуға болады: 8 7172 647 023, 8 7172 647 066, vopros@fms.kz. Сонымен бірге, Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорының сайтындағы «Халықтың бақылауы» түймешесі арқылы шағым қалдыруға болады.

Хабар 24 телеарнасы