378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысына 30 жыл

  • 351
  • UPD: 23:06, 28.02.2019

Бүгін халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының құрылғанына 30 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

1989 жылы 28 ақпанда Алматыдағы Жазушылар одағы үйінің алдында митинг өтіп, ядролық жарылыстарды тоқтатуға бағытталған қозғалыс пайда болды. Қазақстандағы тұңғыш үкіметтік емес ұйымға белгілі қазақ ақыны, дипломат, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов жетекшілік етті. Сол кездегі орталықтың озбыр саясатына қарсы тұру оңай болған жоқ. Қозғалысты еліміздің 2 миллионнан астам тұрғыны қолдап, күрес тоқтаусыз жүрді. Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда 40 жыл халықты қан қақсатқан Семей полигонын жабу жөніндегі тарихи жарлыққа қол қойды. Осылайша Қазақстан әлемде тұңғыш рет өз еркімен ядролық қарудан бас тартып, өзге елдерге үлгі болды. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 2009 жылы Қазақстанның бастамасын қолдап 29 тамызды дүниежүзілік ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.

Сұлтан Картоев, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті:

- Біздің жеңістеріміз әлі алда екеніне толық сенімдімін. Өкінішке қарай, әлемде әлі де ядролық қару иеленіп, сынақ алаңдарын пайдаланып отырған елдер баршылық. Біздің мақсат айқын – ол күллі әлемді ядролық қорқыныштан азат ету. Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқы бейбітшілік үшін күресті жалғастыра береді.

Хабар 24 телеарнасы