378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде нан бағасы бірден 10 теңгеге қымбаттады

  • 170
  • UPD: 21:53, 22.04.2019

Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген ас атасы бұған дейін 75 теңгеден сатылып келсе, қазір кейбір жекелеген дүкендерде 80-90 теңге.

Соңғы айда өңірде астықтың бағасы бірден 22 процентке көтерілген. Соның салдарынан нан да қымбаттады. Енді аймақтағы атқарушы билік кәсіпкерлермен меморандум жасап, нан бағасын тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендер желісін көбейтіп жатыр.

Өскеменде соңғы 2 жылда нан бағасы өзгермеген. Есесіне астық пен ұн қымбаттады. Жанармайдың құны да қырық құбылып тұр. Бұл, әсіресе, тұрмысы нашар отбасылар мен зейнеткерлерге бірден білінді.

Жергілікті тұрғын:

- Мен  60 теңгенің кішкентай бір бөлкесін аламын. Ол маған бір аптаға жетеді. Енді ол да қымбаттапты. Бірақ бәрібір алу керек. Нансыз отырмаймыз ғой.   

Жергілікті тұрғын:

- Нанның бағасы бір апта бұрын 90-95 теңге болып сатылды. Енді бидай өзімізден шығып жатқанда арзан болуы тиіс. Біз секілді зейнеткерге. Жаңа жанымдағы дүкенге кіріп едім түсіпті 65-75 теңгеге. Ол енді өте жақсы баға.

Өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлер  кәсіподақ ұйымының өкілі нан бағасын ұстап тұру наубайханаларға ауыр тиетінін  айтады. Егер осы саладағы кәсіпкерлерге қолдау болмаса, олар банкрот болуы да мүмкін.

Галина  Казанцева, облыстық  шағын және орта бизнес кәсіподағының төрағасы:

  - Нан құрамындағы дәмдеуіштердің бәрі қымбаттады. Ең негізгісі осы  күзде астық бағасы өсті. Бұл ұн мен нанның қымбаттауына әкеп соқты. Былтыр жағармай  бағасы 115 теңге болса, қазір 190-ға көтерілді. Сондықтан наубайхана иелерін айыптау негізсіз.

Жалпы Өскеменде  бүгінде ірілі-ұсақты 14 наубайхана  бар. Қала әкімдігі  9 наубайханамен  меморандум бекіткен. Олар тәулігіне І және ІІ сұрыпты ұннан 8 мың  бөлке нан пісіреді. Қала бойынша 50 жерде әлеуметтік дүкендер желісін ашты. Қазір осы дүкендерде  65-75 теңгеден саудаланады. Бағаны тұрақтандыру үшін Азық-түлік келісімшарт корпарациясынан астық алудың жолдары да  қарастырылып жатыр.

Қымбат Әнуарбекова, қалалық кәсіпкерлік және әлеуметтік бөлімінің басшысы:

- Әкімшілік бүгінгі күнге Азық-түлік корпарациясы арқылы бидайға тапсырыс берілді. Сол бидайды алып, арзан бағамен ұн тарату жұмысын жүргіземіз. 

Азық-түлік корпарациясы 2016 жылдан бері мемлекеттік қор үшін астық сақтамайтын болған. Шаруалардан бидайды өз қаражатына сатып алады. Дегенмен, элеваторларда астық  жеткілікті екен. Тек биыл Шығыс Қазақстан облысындағы өкілдігі 2  мың тоннадан астам бидай алған.

Мақсұт Шаймарданов, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ШҚОФ  директоры:

- Облыстық әкімдік хат жазған. Біздің Ауыл шаруашылығы министрлігіне. Қазір министрлік қарап жатыр. Енді ол шешілетін болса, мына Азық-түлік корпорациясында астық жеткілікті. Өскемен, Семей қаласын қамтамасыз етуге. Қалай шешіледі. Мен айта алмаймын.

Күзге дейін нан бағасын тұрақты ұстауға  қанша тонна бидай қажет екені әзірге белгісіз. Ал ұн мен нан  бірден қымбаттамас үшін болашақта  әрбір аудан, қалада астық жинайтын тұрақтандыру қорын құру мәселесі де қарастырылып жатыр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы