386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баянауыл аудандық ауруханасы күрделі жөндеуден өтеді

  • 88
  • UPD: 09:52, 03.09.2019

«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға биылғы жылы бөлінген 30 млрд теңгеге алдағы үш жылда қосымша 90 млрд теңге бағытталмақ.

Мемлекет басшысы бұл қаржы шағын елді мекендердегі өткір тұрған әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалатынын атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, жарты ғасыр жөндеу көрмеген Баянауыл аудандық ауруханасы бағдарлама аясында жаңа стандарттарға сай күрделі жөндеуден өтеді.

Қазір құрылысшылар ескі ғимараттың жөндеуін бастап кетті. Күн суытқанша шатырын жауып үлгеру керек.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Сықырлаған ағаш есіктер, ескі шкафтар мен тозығы жеткен кафель. Баянауыл аудандық ауруханасы 50 жыл бойы жөндеу көрмеген. Бұл олқылықтың орны биыл толды. 200 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары басталып кетті.

Мамандар емдеу мекемесін жөндеуден өткізуді бірнеше рет сұрапты. Түрлі себептерге байланысты жоба қайта-қайта шегерілген. Дәрігерлердің арманы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде орындалды.

Қанат Кәрімов, Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары:

Әлеуметтік нысандарға халық келеді, осындағы мамандар халықпен жұмыс істейді. Халық келетін орындардың бәрі заманға сай болу керек. Қала мен ауылды салыстырғанда, тұрмыс жағдай бірге болу керек. Осы бағдарлама осы айырмашылықты жояды деп ойлаймыз.

Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары ғимараттың екі қабатында қызу жүріп жатыр. Жөндеу аяқталған соң медициналық құрал-жабдықтар әкелінуі тиіс.

Серікжан Арынов, Баянауыл аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Ұжымның қуанышында шек жоқ. Жөндеу аяқталған соң жұмыс істеуге де қолайлы болады. Ауыл халқы да игілігін көреді. Алдағы уақытта үшінші қабатты жөндейміз. Желдету жүйесі, электр желілері толық жаңартылады.

Қазіргі уақытта ауданда «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша үш жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Зейтін Ақышев атындағы мектеп пен аудан орталығының жолдары жөнделуде.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы