388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оңтүстік Кореяда 7 жастағы баланы қағып кеткен қазақстандық қамауға алынды

  • 224
  • UPD: 23:40, 14.10.2019

Оңтүстік Кореяда көлікпен баланы қағып кеткен қазақстандық кешірім сұрау үшін сол елге қайта барды.

Күдікті Инчон әуежайына түсісімен ешқайда бұрылмай, өз еркімен полицияға барған. Тәртіп сақшылары қазақстандықты жол апаты болған Чанвон қаласына алып кеткен.

Владислав Цой, тілші:

– Бүгін Инчон әуежайында сағат таңғы жетіден бастап тілшілер қаптап кетті. Сегізге он минут қалғанда Алматыдан ұшып келген ұшақ қонды. Қолы кісенделген қазақстандық сыртқа шыққанда оған корей тілшілері лап берді. Ол қазақша және орысша жауап берді. Аудармашы болмағандықтан, тілшілер жауаптарын аударып әбігерге салынды.

Күдікті:

– Өз еркіммен Қазақстаннан келдім. Баланың ата-анасынан кешірім сұрауға келдім. Және де тергеу амалдарына қатысуға дайынмын.

Владислав Цой, тілші:

– Кореядағы Интерпол бюросының қызметкерлері күдіктіні жеткізу үшін Алматыға барып келгені белгілі. Осы іс бойынша келіссөздерге Сеулдегі Қазақстан елшілігінің қызметкерлері де белсенді қатысты.

Чон Дже Хон, полиция өкілі:

– Полиция, әділет министрлігі мен сыртқы істер министрлігі қабылдаған көпжақты әрекеті өз нәтижесін берді. Ақыры күдікті өз еркімен Оңтүстік Кореяға келді.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ өкілі:

– Бүгін Сеул қаласына өз еркімен ұшып барды. Жергілікті құқық қорғау органдарымен жұмыс істеп жатыр. Оны кәріс тарапына тапсыру рәсімі біздің дипломаттарымыздың бақылауында болды. Өйткені ол біздің азамат, Конституциямызбен қорғалады. Сондықтан дипломаттар бұл мәселені ерекше бақылауға алып, кәріс тарабымен тығыз жұмысты жалғастырады.

Владислав Цой, тілші:

– Бұл іс бойынша тергеу жол апаты болған Чанвон қаласында жүреді. Біз өткен жұма күні оқиға орнына барып келдік. Куәгерлердің айтуынша, жеті жастағы бала көшені рұқсат етілмеген жерде өткен екен. Бірақ олар көлік те тым жылдам жүргенін айтады. Осының бәрін тергеушілер тексеруге тиіс. Енді оларға күдіктінің өз көмектеседі.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы