420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттегі жол жөндеу жұмыстарынан биылдың өзінде 721 ереже бұзушылық анықталған

  • 625
  • UPD: 16:24, 23.10.2019

Биыл Шымкент қаласында 223 шақырым жол жөнделіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл шамамен 91 нысанды қамтиды. Осыдан 3 ай бұрын Ұлттық жол активтері сапасы орталығының мамандары 18 нысанға 29 тексеріс жұмысын жүргізіп, 700-ден астам техникалық бұзушылықты анықтаған.

Шымкент қаласындағы жол жөндеу жұмыстарынан биылдың өзінде 721 авторлық және техникалық ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде, коммуникациялық желілер орнату мен электр желілеріне арналған бағаналар салу тәртібінде ақаулар көптеп кездескен.

Мұхтар Дүйсенбеков, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК қалалық филиалының директоры:

- Жол болғаннан кейін әр түрлі ақаулар болады. 721 ақаудың 20 пайызы жобалау кезіндегі жіберілген қателер. 30 пайызы – тех қадағалау. Солардың жұмысқа немқұрайлы қарағаны. 50 пайызы – мердігердің кінәсі.

Мұхтар Дүйсенбековтің айтуынша, қала жолдарының сапасына толық қадағалау жүргізу үшін жергілікті қазынадан шамамен 150 млн теңге бөлінуі керек. Ал қала аумағына қосылған шағын аудан көшелерін аралап, ондағы жол жөндеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын көрдік. Мәселен...

Мирлан Алтынбек, тілші:

- «Нұртас» шағын ауданының Құлагер көшесіндегі жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр деп айтуға келмес. Бұрын мұнда жарық та болмаған көрінеді. Бірақ жергілікті тұрғындар жұдырықша жұмылып, 10 мың теңгеден жинап, мынадай жарық шамдарын өздері орнатқан.

Аңсаған Байғазин, қала тұрғыны:

- Жарықты өз қаражатымызға қондырдық, содан кейін ұрлық азайды.

«Жолды жөндеу жұмыстарында неліктен кідіріс пайда болды?» деген сауалға ресми жауап алу үшін жергілікті әкімдікке барып едік, тағы да кідіріске тап болдық.

Ештен кеш жақсы демекші, сала маманы біздің сауалдарға жақсы дайындалса керек, шамамен жарты сағаттан кейін ғана шықты.  

Абай Тұрханов, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- «Нұртас» шағын ауданында бізде жалпы жоба бойынша 10 көше бар. «Нұртас», «Ақжайық» шағын аудандарында. Ағымдағы жылы 4 көшесін асфальттау жоспарлап жатырмыз. Негізі ол 10 көше бір нысан болып есептеледі. Олардың барлығы – 2020 жылға бізде өтпелі нысандар. Себебі қаржы толығымен қаралмаған және ол жақта коммуналдық жүйелер өткізіліп жатыр. Сол себепті шамалы жұмыстар кешігіп жүріп жатқан көрінеді.

Айта кетейік, қала бойынша тағы 63 көше орташа және 48 көше күрделі жөндеуден өтеді. Оның ішінде 25 көше жыл соңына дейін тапсырылады. Бадам өзені арқылы салынып жатқан 5 көпірдің бірі де биыл пайдалануға берілмек. Жалпы жол жөндеу жұмыстарына 8 млрд 200 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған. 

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы