386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында теміржол станциясының басшысы пара алғаны үшін сотталды

  • 207
Алматы облысында теміржол станциясының басшысы пара алғаны үшін сотталды Капитал

Алматы облысы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы Алтынкөл станциясының басшысы бірнеше рет пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды Елорда Инфо ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінген «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ филиалы Алтынкөл стансасының басшысы Ж.Т.Ұнтақбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

«Ол облыстың Мемлекеттік кірістер департаменті «Алтынкөл» кеден бекетінің бас маманы Е.М.Төлеевпен және тауар кассасының бастығы А.М.Стамқұловамен алдын ала сөз байласып, «Алтынкөл» КБ арқылы радиациялық фоны жоғары вагондарды кедергісіз өткізгені үшін 4 млн 324 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Сонымен қатар, Ұнтақбаев «Алтынкөл» стансасы жүк алаңының бастығы Т.П.Қалдыбаевтың көмек көрсетуімен ірі габаритті вагондарды бергені үшін 1 млн теңгеден астам сома және жұмысқа орналастырғаны үшін азаматтан 100 мың теңге көлемінде пара алған», - делінген хабарламада.

Агенттіктің хабарлауынша, 25.10.2019 жылы Алматы облысы Панфилов аудандық сотының үкімімен Ұнтақбаев бірнеше рет пара алғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Осы үкіммен Төлеев пен Стамқұлованың әрқайсысы 7 жылға, ал Қалдыбаев 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Аталған тұлғаларға мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.

Хабар 24 телеарнасы