388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда көлік тұрағы тапшылығы өткір сезіледі

  • 90
  • UPD: 23:06, 31.10.2019

Алматыда ақылы автотұрақтардың саны артқанымен жұмыс сапасына қатысты сын көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, жол жиегіндегі тұраққа көлігін қойып, ақысын төлегенімен, негізсіз айыппұл хаттамасын алғандардың саны артқан. Қазір қалада 12 мың автотұрақ бар. Алдағы уақытта олардың көлемін ұлғайтумен қатар, бағасын да өсіру жоспарланып отыр. Ал бұл шешімге қала тұрғындарының пікірі қандай?

Алмас Саудақас, тілші:

– Қала орталығындағы мәдени-рухани нысандар, мектеп, аурухана мен балабақша айналасында көлікті еркін қоятын орын аз. Бәрі ақылы. «Ал паркингке жауапты компания жыл соңына дейін ақылы тұрақ санын әлі де арттырамыз», – дейді. Бұған қалалықтардың басым бөлігі разы емес, әрине. 

Мәселен, қала орталығындағы Шевченко мен Байсейітова көшелерінің қиылында орналасқан орталық клиникалық ауруханаға келген зиялы қауым өкілдері көлік тұрағының ақылы болғанымен бос орын болмай қиналатындарын айтады. Ал бұрынғыдай көше бойына қойып кетсеңіз, эвакуторлар аңдып жүріп алып кетеді де айып тұрағына жөнелтеді. Алматыда ақылы паркинг жүйесі үш жыл бұрын іске қосылды. Жобаға 4 миллиардқа жуық инвестиция салынған. Оның 30 пайызы мемлекеттік, қалған 70 пайыз жеке инвесторлардікі. Ақылы тұрақтың 1 сағаттағы құны 100 теңге. Бірақ тұрғындар төлем қабылдайтын паркоматтардың жұмысына көңілдері толмайтындығын айтады.

Зибаш Отыншиева, қала тұрғыны:

– Өте ыңғайсыз. Бірде дұрыс істеп тұрады да ақшаны бірде алмайды. Сол алмай қалған уақытта үш күннің ішінде 3700 теңге шығып тұр. Оны екі үш күн турасында төледік. Оның алдынғысында 3700 теңгені біз көрмей қалғанбыз. Оны 10 немесе 15 күннің ішінде жеке сот орындаушыларға жіберген.

Егер ақылы тұраққа ақша төлемеген жағдайда 2 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейсіз. «Ол тым көп», – дейді тұрғындар. Ал заңгер Жәнібек Башановтың пікірінше, айыппұлды жол-патрульдік инспекторы хаттама арқылы толтыруы тиіс.

Жанибек Башанов, заңгер:

– «А-паркингтің» көлікті тұрақта тұру уақытын есептеу құрылғысы жоқ. Көлікті суретке түсіріп алатын әрекеттері де түнікісіз. Өйткені, ол жерде көліктің нақты келген және кеткен уақыты көрсетілмейді. Сондықтан, айыппұл салу әкімшілік тәртіп бұзушылық кодексіне мүлдем қайшы.

Ақылы тұрақ Ғабит Мүсірепов атындағы жастар мен балалар театры үшін де өзекті мәселеге айналды. Қойылым тамашалауға баратын көрермен ең алдымен көлігін қайда қоямын деп уайымдайды.

Алмас Садуақас, тілші:

– Дәл осы жерде театр қызметкерлері темір тұлпарларын тізгіндеп келген. Мүгедектерге арналған тұрақ белгілері де тұр. Алайда олардың кіруіне де рұқсат жоқ. Өйткені жол жабылған.

Өнер ордасында 250 адам жұмыс істейді. Көбісі – белгілі мәдениет қайраткерлері мен танымал актерлер. Олардың біразы қаланың шеткі аудандыранан немесе қала сыртынан келеді. Спектакльдер кейде кешкі 9-10-дарда бітеді. Сондықтан театр әртістерінің көбі жеке көліктермен қатынайды. Ал енді театр маңында көлік қоятын жер жоқ.

Бақыт Тушаев, актер:

– Театрдың бүкіл мүмкіндігін шектеп тастады. Бір ғана көлік тұрағынан қаншама мәселе туындап отыр. Әрбір театр қызметкерінің  аулаларға қойған көлігінің ұрланған айнасы, жоғалған нөмірі, сынған терезесі, салынған айыппұлына кім жауап береді? Көрермен қаншама... Әрбір қаладан қаншама автобус келіп тұрады. Тұрған кезде артынан бірден жол-полициясы келеді де «көлігіңізді алыңыз» дейді. Ол жерде балалар асығыс-үсігіс түседі. Ол балаларды жолдың арғы бетіне түсіруі керек. Қаншама баланы театрға жіберді. Ертең көлік қағып жатса қандай үлкен мәселеге айналады?

Паркинг пайдасы мен жүйедегі кемшіліктер қалалық қоғамдық кеңесте бірнеше мәрте талқыланды. 3 жылда ақылы тұрақтан республикалық бюджетке 2 миллиардқа жуық қаржы түскен. Бірақ «А-паркинг» басшылығы инвесторлардың жұмсалған қаржысы толық қайтарылған жоқ деп налиды. Алдағы уақытта жүйені жетілдіру, тұраққа тұратын көліктерді сақтандыру қызметін қосу қажет. Бірақ әзірге жүйені жетілдіруге байланысты нақты шешім жоқ.

Борис Жапаров, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Тек қана пайда табамыз деп басқаның мүддесінің аяққа таптап басып кетуге мүлдем болмайтын нәрсе. Осыған байланысты біздің Алматы қалалық мәслихатының 2011 жылғы «Алматы қаласындағы автотұрақтарды реттеу» туралы шыққан ережесі бар. Содан бері 8 жыл уақыт өтті . Әбден ескіріп қалды. Қайтадан жаңа көзқараспен жаңадан қалыптастырып, жаңадан ереже шығару керек.

Бұл мәселе тараптардың қатысуымен желтоқсан айында қалалық әкімдіктегі қоғамдық кеңес отырысына да жан-жақты қаралмақ. Ал жыл соңына дейін қалада ақылы автотұрақ саны артады. Олар Қабанбай көшесін бойлай Сейфуллин даңғылынан Қалдаяқов көшесіне дейін, Құрманғазы мен Зенков көшелерінің бойында пайда болады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев.

Хабар 24 телеарнасы