388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында балалар лагерінің құрылысы тоқтап қалды

  • 84
  • UPD: 21:41, 07.11.2019

Қызылорда облысында балғындарына жаздыгүні демалатын нысан салып бере алмай жүрген жалғыз аудан – Қармақшы еді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мұндағы оқушылар тынығуға, Ұлттық бірыңғай тестілеуге және пәндік олимпиадаларға дайындалу үшін өзге аудандар мен облыс орталығына барады. Қысы-жазы жұмыс істейтін көпфункционалды кешен құрылысы 2017 жылдың мамырында басталып, 8 айда бітуі тиіс еді. Бірақ типтік жобадағы әлеуметтік нысанның таяу уақытта игілікке берілетін түрі жоқ.

Құны бір миллиард 220 миллион теңгені құрайтын лагерьдің 3 жылдан бері тек 25% жұмысы атқарылған. Салынуы тиіс 11 ғимараттың тек бесеуі ғана бой көтерген.

Қамбар Бекенов, тілші:

– Осыдан бір жыл бұрын балалардың шат күлкісіне бөленуі тиіс лагерьде меңіреу тыныштық орнаған. Құрылыс түгел тоқтап қалған. Айналаның бәрі ашық-шашық күйде жатыр. Тіпті біз келгенде қарауылдың өзі болмай шықты.

Тұралаған құрылыстың себебін сұрауға мердігер мекеме басшысына бардық. Құрылыс компаниясының директоры аймақ тайқазанынан кезең-кезеңмен бөлінуі тиіс қаржы күрт үзілгенін айтады.    

Манарбек Еспенбетов, мердігер мекеме директоры:

– Бір себептермен 2017 жылы 98 млн теңге ғана бөлінді, 2018 жылы 198 млн теңге бөлінді. Өткен жылы жұмыс жасалған жоқ, 1 айдан кейін 2020 жыл келеді. Қаражат шешілмегесін біз жұмысты тоқтатып қойғанбыз. Инфляция арқасында материал бағасы 3-4 есе, жанармай 2 есеге қымбаттап кетті. Бөлінген ақша бұл нысанды салуға жетпейді.

Мердігер мекеме енді қаржыны ұлғайтуды сұрап отыр. Ал құрылыс басқармасы жобаны оңтайландырамыз дейді. Басында 160 орындық болып келісілген лагерь 10 орынға қысқарады. Сондай-ақ ғимарат қаптауына қолданылатын материалдар өзгереді. 

Арнұр Нұрмағанбетов, облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– Осыған байланысты тиісті сала мамандары жиналыс өткіздік. Тиісті шешім қабылданды. Жобаны оңтайландыру бағытында бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында қазіргі таңда жобалаушы мекеме тиісті жұмыстар атқарып жатыр. Жобалау және оңтайландыру жұмыстары қашан аяқталады содан кейін бюджет қаражатының бөлінуіне байланысты жалғастырылатын болады құрылыс жұмыстары.

Манарбек Еспенбетов, мердігер мекеме директоры:

– 2020 жылдың қаңтарынан бастап қаржы бөліне бастаса, қыста да тоқтамай жұмыс жасап, күн жылығанда ішкі абаттандыру жұмыстары ғана қалады. Келесі демалыс маусымына дайындаймыз деп ойлап отырмыз.

Қармақшылық мыңдаған өрен алдағы жаймашуақ жазда жан-жаққа сабылмай, жергілікті лагерьде демалысты қызықты өткіземіз деген үмітте.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы