376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда мүгедектер үшін берілетін тегін жолақы алынып тасталды

  • 76
  • UPD: 21:19, 14.01.2020

Ақтауда көп балалы аналар мен мүгедектер қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігінен айырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған себеп – осы санаттағы тұрғындарға берілетін жол билеті өткен желтоқсаннан бері қолданыстан алынған. Кәсіпкерлер бұл әрекетке автопаркке келген шығындарды өтеу үшін барғанын алға тартып отыр.

Елена есімді көру қабілетінен айырылған қала тұрғыны жұмысқа инватаксимен емес, автобуспен барғанды ұнатады. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған машина көп жағдайда бос болмайды. Есесіне, қоғамдық көлікте көппен бірге жүрген көңілді. Кондуктордан енді мұндай жеңілдіктің алынып тасталғанын естіп, көңілі жабырқап қалды.

Елена Пронская, қала тұрғыны:

- Өзім психолог болған соң жұмыс бабымен қоғамдық көлікке күніне бірнеше рет мінемін. Алатын зейнетақым да көп емес, күніне жүз теңге үнемдесем де қуанамын. Мен секілді адамдарға қиын болатын болды. Бар жоғы 2-3 мың теңгеге өскен зейнетақыны енді автобуста жүруге жұмсайтыныма сене алар емеспін.

Қоғамдық көліктер тиесілі автопарктер иелерінің де жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Олар ұсынған жеңілдікпен жол жүру мүмкіндігін 13 мыңнан астам қала тұрғыны 2010 жылдан бері пайдаланып келді. Енді кәсіпкерлердің қолында артық ақша жоқ. Олар заң бойынша жолақыны субсидиялаумен жергілікті әкімдік айналысуы қажет деп санайды. Алайда, бұл мақсатқа қала бюджетінен қаржы әзірге бөлінбеген.

Жетібай Құбашев, қалалық «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ басшысы:

І, ІІ топтағы мүгедектер, бала жастағы мүгедектер, Чернобыльға қатысқандар, Ақтау қаласының құрметті азаматтары, көп балалы аналарға Үкімет тарапынан субсидия бөлінеді. Оған қазір субсидия қарастырылуда. Алдымен электронды билетпен жүру басталады, соны кіргіземіз. Одан кейін сол топтағы адамдарға жеке жол билеттерді шығарып береміз.

Әкімдік қызметкерінің сөзіне сенсек, көп балалы аналар мен мүгедектерге автобуста тегін жүру мүмкіндігі наурыз айынан бастап берілуі тиіс. Сондай-ақ биыл жолақының да қымбаттауы мүмкін екендігі айтылды. Жалпы Ақтау еліміз бойынша жолақысы ең арзан қала. Мұнда қоғамдық көлікте жүру құны 50 теңгеден аспайды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Дүсалиев

Хабар 24 телеарнасы