376,52 406,00 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда балабақшаларды сенімді басқару ісі үлкен дауға ұласты

  • 124
  • UPD: 23:05, 24.01.2020

Петропавлда мемлекеттік балабақшалардың сенімді басқаруға берілуіне ат үсті қараған шенеуніктер жазалануы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғамдық кеңес мүшелері қала әкіміне орынбасары Асқар Хабибулин мен білім бөлімінің басшысы Сара Рамазанованы тәртіптік жауапқа тарту жөнінде ұсыныс жасады.

Қоғамдық кеңестің бұл жолғы отырысы өзгелерден өзгерек. Жиынға арқау болған сұрақтардың бірі – сенімді басқаруға берілген балабақшалар. Бұл туралы білім бөлімінің басшысы баяндау керек еді. Бірақ оның орнына қала әкімінің орынбасары жауап берді. 

Асқар Хабибулин, қала әкімінің орынбасары:

– Балабақшаларға қатысты міндеттемелерге облыстық білім басқармасы жауап береді. Өйткені мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясындағы келісімшарт солармен жасалды.

Бұл жауапқа кеңес мүшелерінің көңілі толмады. Былтыр Петропавлда 3 балабақша сенімді басқаруға берілген болатын. Бірақ ол туралы депутаттар да, қоғамдық кеңес мүшелері де білмеген. Оның арты үлкен дауға ұласты.   

Павел Афанасьев, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Қазақ тобында қалай болды? Ата-аналарға: «балаларыңды 10-15 минуттық жердегі «Айгөлек» балабақшасына апарыңдар. Ол мемлекеттік, бәрі тегін болады, ал бізде бәрі ақылы деген. Әрине, адамдар ашулы. Үшіншіден, неге қалалық әкімдік бұл нысандарды беру жөнінде депутаттармен, қоғамдық кеңеспен келіспеген? Бұл қаланың меншігі. Ал онымен облыстық құрылымдар айналысады.

Мемлекеттік балабақшалардың жекенің қолына берілуі қоғамда қызу талқыланды. Көпшілік қарсы. Павел Афанасьев оны ашық айтпай, жұрттан жасырғаны үшін қала әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің басшысын тәртіптік жазаға тарту жөнінде ұсыныс айттып еді, кеңес бірауыздан қолдады.

Бақытжан Сәмиева, қалалық қоғамдық кеңестің төрайымы:

– Облыстық мәслихаттан өтеді. Олар келісімдерін беріп отыр. Бірақ неге сұрамайды? Неге? Қандай балабақшалар? Не үшін? Кімге беріп жатсыңдар? Ондай сұрақ болмаған. Ол кісілер бәрін дұрыстап ұстау керек еді. Оны бұлар да білмей қалды. Біз де білмей қалдық. Олай болмау керек.

Білсін-білмесін, балабақшалар сенімді басқаруға беріліп қойған. Енді оның заңдылығын прокурорлар тексереді. Ал мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті мүдделер қайшылығын қарастырмақ. Өйткені екі балабақшаны иелігіне алған серіктестіктің құрылтайшысы мен білім бөлімінің басшысы бір-біріне жақын адамдар деген ақпарат бар.

Қоғамдық кеңес отырысына осы салаға қатысты шенеуніктер қатысқан жоқ. Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова мен қалалық білім бөлімінің басшысы Сара Рамазанова ауырып қалған. Сондықтан көп сұрақтар жауапсыз қалды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы