447,67 487,00 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе өңіріне 60-тан астам медицина қызметкері қажет

  • 180
  • UPD: 21:14, 23.02.2020

Ақтөбеде дәрігер тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс орталығында еліміздегі ең ірі медициналық университеттің орналасқандығына қарамастан, бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Өңірдегі ауруханаларға 60-тан астам білікті маман қажет.

Ақтөбедегі нөмірі төртінші қалалық емханаға 70 мыңға жуық азамат бекітілген. Облыс орталығынан бөлік шаһар маңындағы Жаңақоныс, Оңтүстік-Батыс және Құршасай ауылдары тұрғындары да осы емдеу орны мамандарына қаралады. Әрбір елді мекендегі амбулаторияда жалпы тәжірибелі дәрігер ғана болғандықтан, көпшілік 4-ші емханаға келіп, көлемді қызмет алуды оңтайлы көреді.

Мереке Нұртазин, №4 қалалық емхананың бас дәрігері:

– Бүгінгі таңда 26 дәрігер демалыста жүр. Зейнет жасындағы 3-4 дәрігеріміз бар. Бірақ олар өте тәжірибелі, категориясы жоғары санатты дәрігерлер. Олар жұмысын істеп жатыр. Жетпейтін дәрігерлер бұл жалпы тәжірибелі дәрігерлер және педиатрлар. Олардың орнына бізде қазір дәрігер-резиденттер жұмыс істеп жатыр. Медициналық көмектің сапасы одан төмендеген жоқ.

Жалпы облыс бойынша 60-тан астам маман тапшы. Бірінші кезекте жалпы тәжірибелі дәрігерлер, педиатрлар мен эндокринолог, анестезиолог пен реаниматолог мамандар таптырмайды. Еңбек нарығындағы бұл сұраныстың орнын толтыруға Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті айтарлықтай үлес қосуда. Мәселен, өткен жылы осы білім ордасын тәмамдаған 130 интерн мен резидент тұрақты жұмысқа орналасты.

Мұрат Телеуов, М.Оспанов атындағы БҚММУ ректоры:

– Биыл 467 интерн бітіреді және 130-дан артық резидент. Және 185-і Ақтөбе облысында қалады. Жұмыс істейміз деген талаптары бар. Олар қазір жұмысқа кіріссе, тапшылық бірталай азаяды.

Светлана Есенаманова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары:

– Бұрын тек қана ауылға баратындарға республика бойынша көмек болса, осы 2019 жылдан бастап жергілікті бюджеттен моно-қалаларға, аудандық ауруханаларға барған мамандарға да біз көмек береміз.

Қазір облыстағы медицина мекемелерінде 3800 дәрігер еңбек етуде. Әрбір маман 1700 емделушіні қабылдап отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айсұлу Махмутова, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы