425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ДДСҰ коронавирусқа қатысты: Дүрбелең тудырудың қажеті жоқ

  • 503
  • UPD: 20:55, 26.02.2020

Коронавирусқа мұқым әлем дәрменсіз болып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Десек те Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері әзірге дүрбелеңге бой алдыратындай жағдай тумағанын айтады. Алып-қашпа әңгімеге де сене бермеген жөн.  «Хабар 24» арнасының тілшілері осы халықаралық ұйымның Женевадағы бас кеңсесінде болып, мұндағы мамандармен бетпе-бет кездесті.

Вирусқа қарсы вакцина қашан дайын болады? Бұл дерттің дауасын табу үшін қайтпек керек? Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын алаңдатып отырған басты мәселесі осы.

Тарик Жасаревич, ДДСҰ ресми өкілі:

– Қазір бұл вирусқа қатысты жағдай әртүрлі. Иран, Италия және Оңтүстік Кореяда дерттің өршуін көріп тұрмыз. Ал Қытайда ауруды жұқтырғандар саны азайып келеді. Бұл – елдегі вирустың алдын алу бойынша қабылданған шаралардың нәтижесі. Дегенмен қоғамдық денсаулық саласындағы төтенше жағдай әлі сақталып отыр. Қытайдан тыс жерлерде індет ошағымен байланысы жоқ науқастар саны артып келеді. Сол себептен өте сақ болу қажет.

Ресми өкілдің айтуынша, коронавирусқа қарсы тұратын вакцинаны шығармас бұрын оның құрамын анықтап, клиникалық зерттеулерден өткізу маңызды. Бұл үшін кем дегенде 18 ай керек.

Дегенмен мамандар үрейге бой алдырудың қажеті жоқтығын айтады.

Тарик Жасаревич, ДДСҰ ресми өкілі:

– Бұл ауа арқылы тарайтын тыныс алу органдарының ауруы екенін білеміз. Күн сайын бұл дерт туралы біліктілігіміз артып келеді. Беретін нұсқауларымыз қиын емес. Үнемі қол жуыңыздар. Жөтелгендерден аулақ жүріңіздер. Егер жөтел немесе тыныс тарылу секілді ауру белгілерін сезсеңіз, дереу дәрігерге қаралыңыз. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша коронавирус жазылмайтын дерт емес. Кей елдерде бірқатар адам аурудан айыққан. Сондықтан мамандар әр мемлекетте ауруды тез анықтап, тиісінше шара қолданатын кәсіби денсаулық сақтау жүйесі болғанын қалайды.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы