423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Риддерлік көп балалы аналар бірігіп кәсіп түрлерін ашуда

  • 451
  • UPD: 21:22, 06.03.2020

Шығыс өңірдегі ағайынның ұпайы түгел сияқты.

Мұнда көп балалы отбасыларды қолдауға арналған бағдарлама арқылы 100-ден аса отбасы қолжетімді несие мен грант алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал Риддер қаласындағы көп балалы аналардың алды бірлесіп мемлекеттен берілген демеу қаржыға  сән салоны, наубайхана секілді кәсіп түрлерін ашып үлгерген.

Шағын шаһар Риддерде өндіріспен бірге шағын кәсіпкерлік те біртіндеп дамып келеді. Негізінен қызмет көрсету саласында кәсіптен нәсіп табатындар саны артқан. Ол үшін тек былтыр 11 көп балалы анаға мемлекеттен 505 мың теңгенің гранты берілді. Осы демеу қаржыға бәрі де өз істерін бастады. Меруерт Исаева үш көп балалы анамен бірілесіп былтыр сән салонын ашқан. Қазір кәсіптерін жолға қойып үлгерді.

Меруерт Исаева, көп балалы ана:

– Біз төрт адамбыз, екеуі – көп балалы ана. Біреуі жас маман. Көп адам болсақ, көбірек клиент болады. Өйткені әйел адамдар келген соң, бәрін жасағысы келеді. Біз кейде тырнақ жасап отырып, шашын, қасын жасап бере аламыз.

Құрбановтардың отбасы 5 жыл бұрын Шымкенттен көшіп келген. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы 3 бөлмелі пәтер алды. Көп балалы отбасының отағасы құқық қорғау саласынды қызмет етеді. Ал жұбайы Анель бастапқыда балабақшада жұмыс істесе, былтырдан бері өз кәсібін ашқан. Ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымының бәрін тігеді. Енді оңтүстіктегі жұмыссыз жүрген жас мамандарды Риддерге шақырады.

Анель Құрбанова, көп балалы ана:

– Бұл жерде маман өте аз. Бұл жерде мұғалімдер де жетіспейді. Дәрігерлер де жетіспейді. Сондықтан келіп, өз кәсіптерін ашса да болады. Келулеріңізге кеңес беремін, мен сияқты грант алып, өз істерін бастауға мүмкіндіктеріңіз өте мол.

Он балалы Марина Соболева өзі сынды көп балалы аналармен қосылып, наубайхана ашуды жоспарлаған екен. Мемлекет берген грантты олар қажетті құрал-жабдыққа жұмсаған. Енді біраз күнде наубайхана іске қосылмақ.

Марина Соболева, көп балалы ана:

– Біз былтыр қазан айында арнайы бизнес курсын оқып алдық. Арнайы сертификат алған соң, біріге кәсіп істеу жөнінде келістік. Өйткені наубайхана жұмысы бір адамға ауыр болары сөзсіз. 

Риддер қаласы әкімдігі бірігіп кәсіп бастағысы келетін көп балалы аналарды қолдаудың бағдарламасын түзген.

Евгения Нужных, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:

– Ең бастысы, біз тұрмысы нашар және көп балалы отбасыларға кәсіптің қандай түрімен айналысуға қолайлы екеніне бағыттаймыз. Сосын бірігіп әрекет етудің тиімді екенін түсіндіреміз. Жұмыстары жолға қойылғанша қадағалаймыз.

Ридердегі тұрғындардың дені ірі өндіріс орындарында еңбек етеді. Енді өңірдегі атқарушы билік шаһарда шағын кәсіпкерлікті де дамытуға күш салып жатыр. 

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы