423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда егістіктер мен мал жайылымдарын суландыру жүйесі сын көтермейді

  • 463
  • UPD: 08:26, 09.03.2020

Бір кездегі су арналары қазір құмығып, жарамсыз болып қалған. Жалпы облыста 1152 шақырым канал бар екен. Олар мұнайлы өңірдегі жалғыз тұрақты су көзі Жайық өзеніне тәуелді. Өкініштісі, сол соңғы екі жылдағы құрғақшылық салдарынан жалғыз өзеннің де өзегі тарылып барады.

Ресми деректерге сүйенсек, облыста ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егісті лимандық және жайылымдық жерлерін суландыруға арналған жалпы ұзындығы 1152 шақырымды құрайтын 15 канал бар. Алайда олардың барлығы тозып, пайдалануға жарамсыз күйге жеткен. Шаруалар қолдағы төрт түлігіне су тауып бере алмай сандалуда.

Теңелсін Құбай, жеке шаруа:

- Қиырдағы Мақат ауданы шаруагерлері үшін су тапшылығы білініп тұр. Мына «Сыбаға» бағдарламасымен сиыр жылқы малын алып едік. Соларға су тарып бере алмай отырмыз. Жақсы жайылымдық жерлерде құдықтар ащы, каналдарда су жоқ. 1 машина су 5 мың теңге тұрады. Оның жанар-жағар майы бар жайылымға жеткізгенше қымбатқа шығып кетіп жатыр.

Осыған орай жергілікті биліктің  қолдауымен кешенді бағдарлама жасақталған болатын.  Сөйтіп, 14 канал облыстың құзырына өтіп, жергілікті бюджеттің қаражатына жөнделе бастады. Нәтижесінде 4 канал аршылып, Махамбет, Индер және Исатай аудандарының өрісі кеңейді. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ. 

Қайрат Нұрлыбаев, облыстық АШБ басшысы:

- 2020 жылы үш канал жөнделіп, пайданалануға беріледі. Ол: Тереңөзек-Алға-Егіз, Сарыөзек, сосын Алғабас-Жорық каналы-Индер ауданындағы. Бұл каналдар 20-30 жылдан жөндеу көрмеген өздеріңіз білесіздер, судың деңгейі қазір төмен. Жауын шашын жыл сайын кеміп келе жатыр. 

Атырау облысының қатал климаты  өз алдына, өзен-көлдер де тапшы. Мұндағы мал мен жанның күнкөрісі Жайық өзеніне тәуелді. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Жайық өзені жылына 25 миллион текше метр су бере алады. Артыққа қауқары жоқ. Өкініштісі, өткен екі жылғы құрғақшылық салдарынан Жайық жөндеп тасымады. Өздеріңіз көріп тұрғаныдарыңыздай, ерке өзен бұрынғы арнасынан ондаған метрге шегініп кетті. Қазіргі күннің қабағын баққан шаруалар биыл да судан сорлаймыз деп қорқып отыр.

Алайда бұл трансшекаралық өзен болғандықтан Жайық мәселесін екі ел бірлесіп қолға алмаса, күрделі мәселенің күрмеуін шешуге жергілікті биліктің мүмкіндігі жоқ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы