411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысы карантинге жабылған жоқ

  • 456
  • UPD: 14:23, 29.03.2020

Маңғыстау облысында ертеңнен бастап шектеу шаралары енгізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл коронавирус инфекциясының аймаққа таралуына тосқауыл қою мақсатында жүзеге асатын шаралар.

Осындай жаңалық бастапқыда жергілікті сайттар мен әлеуметтік желілерге шыққан еді. Енді осыларды негізге ала отырып жазылған ақпарат республикалық сайттарда да жазылып жатыр. Олардың барлығы да жалған. Маңғыстау облысы карантинге жабылған жоқ. Қауіпті індеттің таралуының алдын алу үшін облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері келесідей қаулыларды бекітті. Олар ертеңгі күннен бастап күшіне енеді.

Сонымен 30 наурыздан бастап сағат кешкі жетіден таңғы 8-ге дейінгі аралықта тұрғындардың пәтерден шығуына шектеу қойылады. «Тек ерекше қажеттілік болған жағдайда ғана далаға шыққан дұрыс. Мысалы, жұмысқа, дүкенге не дәріханаға баруға және қоқыс төгуге үйден шыққан жөн. Бұл ретте көрші-көлем, ағайын-туыс, әріптестермен араласуды мейлінше азайту керек», - дейді мамандар. Қаулыға сәйкес, азаматтардың саябақ, алаңдар мен спорт және балалар алаңқайларына баруына, сондай-ақ әуе, теміржол, автовокзалдарға шығарып салушылар мен күтіп алушылардың кіруіне шектеу қойылады.

Азғана уақыт бұрын өңірлік коммуникациялар орталығында кезекті брифинг өтіп, мемлекеттік санитарлық қадағалау органдарының өкілдері журналистерге сұхбат берген болатын.

Асима Жұмабайқызы, тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– Аймақ тұрғындарын қаулыда көрсетілген шектеулерді түсіністікпен қабылдауға шақырамыз. Себепсіз әрі мақсатсыз көшеге шықпаңыздар. Күшейтілген дезинфекциялық тәртіпті ұстаныңыз. Күн сайын бөлмелерді желдетіп және жиһаз, бұйымдарды дымқыл шүберекпен жиі сүртіп тұрған дұрыс. Обсервациялық не провизорлық госпиталда жатқан науқастар дәрігерлердің бақылауында. Ол жерде палата режимін бұзу мүмкін емес. Ал үй карантиніне жатқызылған адамдардың далаға шықпауы, адамдармен 13 күн араласпауы қоғам үшін аса маңызды. Жасы 65-тен асқан қариялар мен балаларды үнемі назарда ұстаған жөн.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес ертеңгі күннен бастап Ақтаудан аймақтың бес ауданына қатынайтын қалааралық автобустардың қозғалысына, сондай-ақ Маңғыстау-Бейнеу бағытындағы пойыздың жүруіне шектеулер енгізіледі. Бұдан басқа облыстағы барлық интернет және ойын клубы, өзге де халыққа қызмет көрсететін орындардың жұмысы уақытша тоқтатылады.

Хабар 24 телеарнасы