410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан халқы Ассамблеясы – елдегі тұрақтылықтың алтын діңгегі

  • 190
  • UPD: 08:58, 01.05.2020

Бірлігіміздің ұйытқысы болған Ассамблея 25 жылда өзінің өміршеңдігін дәлелдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Іргелі институтқа айналды. Мұндай ұйымға сүйсініп қарайтындар көп. Себебі көп этнос мекен еткен елдегі тұрақтылықтың алтын діңгегі – осы ассамблея. Қазақ жерін жерұйық деп бағалайтындар жетіп артылады.

Бұл – Салман Героев. Ингуш ұлтының ақсақалы. Ассамблеяның әу баста қалай құрылғанын көрген қария. Ақсақал айтады. 90 жылдары бұл ұйымды құруға құлық танытпай, қолдау білдірмегендер де болған. Алайда «уақыт» атты төреші бұл институттың маңыздылығын дәлелдеп берді.

Салман Героев, ингуш қауымдастығының ақсақалы:

– Ассамблея – осы күні достығымыздың кепілі. Елдегі тұрақтылықтың негізі. Бұл ұйым мемлекеттегі түрлі ұлттардың мәдениетін, тілін дәріптеуге мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде этнос арасында байланыстар бекіді. Елдегі барша адамның құқығы теңестірілді.

Енді ассамблеяны құрған тұлға жайында сөз сапталық. Баршаға белгілі әлемде жоқ институтты құру идеясы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Елбасы бұл бастаманы алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында көтерді. 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Себебі Нұрсұлтан Назарбаев тұрақтылық болмай іргеміздің бүтіндігіне кепіл жоқтығын әу бастан білді. Білді де, ассамблеяны құрды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

– Мен қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын. Бірлік аспаннан өзі келіп түспейді. Тек қарқынды жұмыс арқылы ғана келеді. Мен кең-байтақ жерімізде татулық пен тыныштық болғанын ғана тілеймін. Мұның ең алдымен Қазақстандағы миллиондаған отбасыға керек екендігін еске саламын. Мен қайғыдан шашы ағарған аналардың балаларын жоқтамағанын, сәбилердің мүгедек болмауын, қарт адамдардың күйреген үйлерінің алдында қасірет шегіп жыламағанын қалаймын.

Шүкір. Еліміз ғазауаттан аман. Жеріміз бүтін. Таяу Шығыстағыдай күнара оқ атылып жатқан жоқ. Елдегі тұрақтылықты бекемдеуде Елбасының еңбегі ерен екенін ұрпақ әсте естен шығара қоймас. Ұлты татар болса да, жаны қазақ болып кеткен Яннат Низамутдинованың пайымы бұл. 

Яннат Низамутдинова, «Достық» татар орталығының төрағасы:

– Ассамблеяны құруда біздің Елбасының рөлі өте жоғары. Неге десеңіз, ол бар ұлтты жинап, үлкен ассамблея ашты. Осының нәтижесінде Қазақстанымызда түрлі ұлт бейбітшілікте өмір сүріп жатыр.

Тарих теперішімен Қазақстан азаматына айналған өзге ұлт өкілдері бір отбасының мүшелеріндей ортақ мүддеге жұмылды. Осы арқылы талай сындарлы сәттен сүрінбей өттік. 

Салман Героев, ингуш қауымдастығының ақсақалы:

– Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен бірнеше рет кездестім. Елбасы әркез халқымен бірге екенін дәлелдеп келеді. Баршамызға жағдай жасап берді. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жалғап келе жатқаны қуантады. Біз әрқашан мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдауды сезініп келеміз. Бұл зор бақыт емес пе?!

Ассамблеяға биыл 25 жыл. Ширек ғасырда бұл ұйым дамудың даңғыл жолынан өтті. Уақыт сырғыған сайын ұйымға жаңа міндет жүктеліп келеді. Бірегей институт тек ұлттар арасындағы бірлікті бекемдеуге ғана емес, экстремизм мен радикализмге жол бермеуге де жауапты. Азаматтардың саяси-құқықтық мәдениет қалыптастыруы да – осы ассамблеяның мұраты. Осы тұрғыда 2009 жылы ұйым жанынан ғылыми сараптамалық кеңес құрылды.

Айгүл Сәдуақасова, Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрағасы:

– Ғылыми сарапшылық кеңестің жұмысы осы біріктіруші факторларға арналған. Елдің ішінде бірлік болмай, біз сыртқы әлемге де, тұнып тұрған қауіп-қатерлерге де төтеп бере алмаймыз. Ең бастысы бүгінгі таңда осыған көзіміз жетіп отырған сияқты.

Ел тұтастығы, дамуымыздың алтын өзегі – осы ассамблея. Татулықты басты құндылық деп бағалайтын Қазақ елі мамыражай мамырдың бірін бірлік күні деп атап өтеді жылда. Тек карантин болғандықтан, мереке бүгін жаппай тойланбайды. Алайда бұл кезең де артта қалып, жаймашуақ күнді де көп ұзамай көрерміз деген сенім кәміл. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Аят Дүйсенбаев, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы