426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирустан жазылып шыққан алматылықтар қан плазмасын тапсырып жатыр

  • 258
  • UPD: 21:40, 17.07.2020

Коронавирус індетімен ауырып шыққан алматылықтар өзгенің өміріне араша болуда, хабарлайды «Хабар 24».

Ауыр және орташа деңгейде ауырып тұрған науқастар енді Республикалық қан орталығына келіп, плазма тапсырып жатыр. «Бір донордан алынған плазма кемінде 2-3 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді», - дейді дәрігерлер.

Мадияр Әлжаппаров – коронавирус індетін жеңіп шыққандардың бірі. Осыдан бірнеше күн бұрын өкпесінің 60%-і қабынып, ауыр халде ауруханаға түскен. «Дәрігерлердің көмегінің арқасында аман қалдым», дейді. Енді ол бүгін өзгенің өміріне араша болу үшін Қан орталығына келіп, плазма тапсырды. Алдын ала тексеруден соң оның қанында бұл індетке қарсы тұра алатын антиденелер көрсеткіші 5,7 болған. Ал, Қан орталығы мамандарының айтуынша, қатерлі дертті жеңіп шығу үшін адам ағзасындағы антиденелер көрсеткіші кемінде 1,4 болу керек.

Мадияр Әлжаппаров, қала тұрғыны:

- Осындай жағдайды өзіміз көріп алғаннан кейін, жаңағы сырқатпен бір аунап тұрғаннан кейін қазіргі ауырып жатқан адамдарға күнделікті естіп жатырмыз, қаншама адамдар қайтыс болып жатыр, осы аурумен күресуде тек қана дәрігерлер емес, біз қоғам болып осыған атсалысуымыз керек.

Індеттен емделіп шыққан Дёминдер отбасы плазманы осымен екінші рет тапсыруда. Денсаулығыңыз жақсы, ал антиденелер көрсеткіші ойдағыдай болса, араға 14 күн салып қайта донор болуға болады. Бүгінгі күнге дейін қан орталығына өз еріктерімен 227 адам плазма тапсыруға келіпті. Бірақ соның ішінен тек 87 адамның қан тапсыруға қарсы көрсеткіштері болмаған.

Ғалымжан Мадемаров, Республикалық қан орталығы қан дайындау бөлімшесінің меңгерушісі:

- Біз індетпен аурып шыққан кісілердің плазмаларын аламыз. Өйткені ол кісілердің қандарында жаңағы антителалар сақталып қалады. Ауырып, емделіп шыққанан кейін, сол себептен бұл процестің атауы – плазмофорез. Сол себептен, біз жалпақ тілмен айтқанда, қан аламыз, бірақ соның ішінен плазмасын бөліп аламыз. Қалған эритроциттер, тромбоцитетр, қалған жасушалары өзіне қайтады. Бір донордан 400-600 мл плазма алынады. Одан 2-3 емдік доза шығады.

Алқынып, дем ала алмай жатқан науқастарға ауадай қажет антиденелері бар плазмалар, тапсырыс берген барлық медициналық ұйымдарға жөнелтілуде. Алғашқы нәтижелер жаман емес. Әсіресе, жансақтау бөлімінде жатқан науқастарға көмегі тиген. «Бірақ плазманың өзі науқастың клиникалық көрсеткіштеріне сай құйылатынын ұмытпау керек», - дейді мамандар.

Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы