476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады – ақмолалық шаруалар

  • 1004
  • UPD: 08:04, 03.09.2020

Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу керек. Ақмолалық шаруалар Президенттің кешегі Жолдауда айтқан осы сөздерінен кейін саладағы қордаланған мәселелер шешімін табар деп үміттенеді.

Көкшетау қаласының іргесіндегі Заречный ауылында тұратын Табылды Тезекбаев 20 жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. Азын-аулақ мал ұстайды, бақша салады. Айтуынша, алыпсатарлардың табысы ала жаздай егістік басында жүрген шаруалардан екі есе көп. 

Табылды Тезекбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

– Қияр, картоп, қырыққабат егеміз. Базарға апарып, тікелей өзіміз сата алмаймыз. Өйткені, ол жерде бізге орын бермейді. Алыпсатарлар бізден алған картопты 70 теңгеден алып, 150 теңгеден сатады.

Ал шығын деген шаш етектен дейді шаруа. Көктемгі жер жыртудан бастап тұқым бар, оны себу, жазда дәрілеу, оған тағы жанармай мен жұмысшылардың жалақысын қосыңыз. Тапқан табыс кейде осыларға жұмсалған қаражаттың орнын әрең толтыратынын айтады диқандар. Малдың да күтімі оңай емес. Оның үстіне жыл өткен сайын жайылым тарылып, жем-шөптің де бағасы шарықтап барады. Ауылдағы шаруалардың тағы бір мәселесі – жұмысшы тапшылығы. Осы тұста қалада жүрген жастарды сөзге тарттық.

БЛИЦ:

- Ауылға бармаушы едім. Ауылда жұмыс жоқ. Жұмыс болса да, ақысы аз.

– Жұмыс болса, ауылда жұмыс істеймін. Болмаса, аудан, қалаға барамын.

– Бәрі бірден бола қоймайды. Солай көтерілу керек адам. Талпыныс керек, еңбекқорлық. Еңбекқор жастарды ауылға жіберу керек. Болды.

Жібергенге бара салса, жақсы ғой. Кейде ауылда жүрген азаматтардың өзі елді мекендегі қара жұмысты істегісі келмейді. Бәрі жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді дейді көпті көрген фермерлер. Ол үшін ынталандыру қажет. Ал ынталандыру үшін жоғарыда айтылғандай, саладағы сан түрлі мәселелер оң шешілуі қажет. Сонда ғана шаруалардың маңдай тері толығымен ақталып, ауылға деген қызығушылық та арта түсері сөзсіз.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы