432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында сирек кездесетін аңдарға қауіп төнді

  • 270
  • UPD: 23:35, 22.09.2020

Аңшылық маусымы басталысымен жануарларға мылтық кезенетіндер көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл аймақта 40 мың гектарға жуық алқап өртеніп, одан қашқан қарақұйрықтар елді мекендерге жақындаған. Мамандар мұндай уақытта түз тағысын заңсыз атып, олжаға кенелгісі келетіндер көбейеді деп отыр. Қазір табиғат қорғаушылары күндіз-түні дала кезіп, жануарларды күзетіп жүр.

Рейдке кешке қарай аттандық. Себебі браконьерлердің жорығы түнде басталады. Олар қараңғылықты пайдаланып, аңдарды прожекторлармен аулайтын көрінеді. Үш көлік болып құмға кірдік. Сапсан жасағы инспекторларының айтуынша, қазір қарақұйрық Кеңес, Ойық ауылдарын төңіректеп жүр. Осындай уақытта қаскөйлер жоғалған малды іздегенсіп, аңды заңсыз ататын көрінеді. Қылмыстың алдын алу үшін қазір табиғат қорғаушылары қору жұмыстарын күшейткен.

Төңіректі бақылау үшін биік жотаға шығып, жарықты сөндірдік. Түн қараңғы. Айнала жым-жырт. Бірнеше сағат тапжылмай күттік. Тек түнгі екіден кейін құм ішінде жарық салып жүргендер көрінді.

Совет Сейдуанов, мамандандырылған «Сапсан» жедел жасағының инспекторы:

– Жігіттер көрдіңдер, Ақкесененің солтүстік жағында жүр. Бұл шамамен 10-15 шақырым жер. Қазір біз барынша білдірмей баруға тырысамыз.

«Сапсан» жасағының қызметкерлері жедел ұстау жоспарын нақтылап, жарыққа қарай беттеді. Инспекторлар жан-жақтан қоршап, тосқауыл жасауға әрекеттенді. Алайда әккі қаскөйлер екі аяқты мотоциклмен құм ішіне кіріп, лезде із суытып үлгерді. Мамандандырылған жасақ жыл басынан бері осындай 50-ге тарта рейд өткізіп, 69 хаттама толтырылды. Қызыл кітапқа тіркелген аңдарды ату бойынша екі қылмыстық деректі анықтаған. 

Ерназарбек Жантаев, облыстық табиғатты қорғау кеңесінің төрағасы:

– Президентіміз табиғат қасақылығына қатаң жаза қолдану туралы заңдарды шығарып жатыр. Соның әсерінен қазір табиғат қасақылары кішкене аяғын тартты. Тұқымы жойылып кеткен барыстар пайда болды. Арқарлар пайда болды.

Биыл жалпы облыс бойынша табиғатты қорғауға жұмылдырылған мамандармен 800-ден астам рейд ұйымдастырылған. Аңшылық ережесін бұзудың 40 дерегі тіркеліп, 179 миллионннан астам айыппұл салынды. Алайда браконьерлердің мемлекетке келтірген шығыны 10 миллион теңгеден асып жығылады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы