429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде қант диабетіне шалдыққан бүлдіршіндерге арналған жалғыз орталық жабылғалы жатыр

  • 140
  • UPD: 21:37, 28.09.2020

Балаларының өміріне алаңдаған ата-аналар енді кімнің есігін қағарын білмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені бұл орталыққа баратын әр бүлдіршінге ерекше медициналық көмек, айрықша күтім керек.

Онсызда дерт меңдеп, сарсаңға түскен кішкентайлар инфекциялық ауруды көтере алмасы анық. Жергілікті мамандар неліктен мұндай шешім қабылдады? Жұмысбасты ата-аналар науқас балаларын кімге тапсырмақ?

Гүлбақыт Жақсыханова – қант диабетіне шалдыққан бүлдіршінінің үстінен құс ұшырмай қарап жүрген аналардың бірі. Қызы 2 жылдан бері «Святличок» сауықтыру балабақшасына барып, ем қабылдап тәрбие алып жүр. Енді осы мекеме жабылады дегенді естіп төбесінен жай түскендей болып отыр. Өйткені әрбір ас ішер алдында оған инсулин салынуы қажет. Бұған кез келген өзге балабақшаның жауапкершілік алмасы анық.

Гүлбақыт Жақсыханова, ата-ана:

– Осы балабақшаны қалдырса екен деп қатты өтінемін. Өйткені егер бұл балабақша жабылатын болса, менің жұмыстан шығуыма тура келеді. Басқа балабақша оны қабылдамайды.

Бұл мекеме 1995 жылы Тұңғыш Президенттің қолдауымен балаларды сауықтыру орталығы ретінде ашылыпты. Қант диабетіне шалдыққан бүліршіндердің денсаулығын бақылайтын дәрігерлер, арнайы оңалту кабинеттері жұмыс істейді. Дегенмен 2017 жылы мекеменің басына бұлт үйіріліп, оны сауықтыру орталығы мәртебесінен айырып, кәдімгі балабақшаға айналдырды. Әйтеуір ұжым жетекшісі мен мен ата-аналардың табанды талабының арқасында ол кезде медициналық қызметкерлер қысқартылмай, барлық ем-шара сақталып қалған еді. Сала басшылары да қысқарту болмайды деп уәде еткен. Бірақ осы жаздағы соңғы тексеруде бұл уәде жайына қалды. Штатты қысқартып, типтік мектепке дейінгі білім беру мекемесі талаптарына сай ету туралы ескерту келген.

Елена Клостер, «Светлячок» ҚМКМ директоры:

– Кезекті тексерістен соң барлығы өзгеріп шыға келді. Өйткені біздегі штат мектепке дейінгі типтік мекеменің талаптарына сай емес деп отыр.Яғни біз оның барлығын сәйкестендіруге тиіспіз.Барлық физио-емдеу ,массаж кабинеттері жұмысын тоқтатады деген сөз. Мұның барлығы сырқат балалар үшін ауадай қажет. Неге ешкім қол ұшын бергісі келмейді, неге бір амалын қарастырмасқа. Қазір барлық медициналық қызметкерлер, тіпті диеталық мамандарға дейін қысқартылып жатыр.

Штатта басы артық боп тұрғаны – мекеме басшылығының айтуынша, 9 дәрігер және диеталық мамандар.Осында келген балалардың әрбіріне күтім жасап, олардың қосымша инфекция жұқтырып алмауы үшін жанталасатын жандар.

Александр Соловьев, оториноларинголог:

– Менің бұл жерде істегеніме 10 жыл болыпты. Сол кездері мұндағы мүмкіндіктер қазіргіден де көп еді. Дегенмен бүгін де барынша еңбек етіп жатырмыз. Әрбір ата-анаға баласының денсаулығы бойынша кеңес беріп, оларға үйде де үлкен күтім жасалуын қадағалаймыз. Өйткені өте үлкен күтім қажет.

Қалалық білім беру бөлімінің мамандары бұл шешім бізге байланысты емес, талап сондай деп жауапты кесіп айтты. Сөздерінше дәрігерлер қысқарғанмен аталған балабақша арнайы емханаға бекітіліп берілетін көрінеді.

Сәуле Алагөзова, қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Ішкі аудиторлық департаменттің тексерісі өтті, жіберген анықтама бойынша балабақшада заңнамаға сай келмейтін лауазымдық бірліктер бар. Сондықтан балабақша директорына қазіргі таңда заңнамаға сәйкес бірліктерін сәйкестендіру берілген.

Ал шырылдаған ата-аналар балаларының ендігі тағдырына алаңдаулы. Балабақшаның емханаға бекітілуі олардың денсаулығы күні кешке дейін бақылауда дегенді білдірмейді деп отыр. Сондықтан білім беру және денсаулық сақтау министірлігінен көмек күтеді. Президент әкімшілігіне де хат жолдап жауап күтіп отыр. Айта кетейік, орталыққа ерекше көмекке зәру 60-қа жуық бала барып жүр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы