427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында майшабақтарды құтқару акциясы басталды

  • 96
  • UPD: 22:56, 06.10.2020
Павлодар облысында майшабақтарды құтқару акциясы басталды

Яғни, шағын тоғандағы балықтар Ертіс өзеніне жіберіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оларды өлімнен осылай ғана сақтауға болады. Әйтпесе, көлшіктерді мұз басқан соң шабақтар тұншығып, қырылып қалуы әбден мүмкін.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Қарапайым ау, пластикалық бөшке мен шелектер. Бұл балықтарды құтқаруға қажет құралдар. Осы тектес шағын көлшіктерде шабақтардың мыңдаған данасы кездеседі. Оларды үлкен су айдандарына жібермесе, қырылып қалады.

Геннадий Ткачев, табиғат пайдаланушы:

- Бұл су тоғанында тек мөңке балығы тірі қалады. Себебі, осындай жағдайда тіршілік етуге бейімделген. Батпақта да өмір сүреді. Оттегіні көп қажет етпейді. Ал қалған су маржандарын құтқару керек.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодар облысындағы балық шаруашылығының жағдайы мәз емес. Қазіргі таңда аймақта 300-ден астам өзен-көлдің небәрі 10%-і балық шаруашылығы субъектілеріне бекітілген. Ал осындай шағын көлшектер қараусыз қалып жатады.

Өзен жайылымында оқшауланған көлшіктер жүздеп саналады. Ғалымдардың есебінше, Ертіс аумағындағы су айдындарының барлығы дерлік қатады. Яғни, шабақтар үшін қауіпті. Тоған тарылса, бағалы балық түрлері тұншығып қалады. Дегенмен, олардың барлығын құтқаруға мүмкіндік жоқ. «Сала мамандары мемлекеттік деңгейдегі қолдау қажет», - дейді.

Серік Әбсалықов, облыстық жануарлар әлемі және жануарлар әлемі аумақтық инспекцияның бөлім басшысы:

- Мемлекеттік бағдарлама қажет. Сонда балық шаруашылығы түлеп, экологиялық мәселелер туындамас еді. Қаржыландыру жағы қарастырылса, балықтарды құтқарумен арнайы бригадалар айналысар еді. Әрине, табиғат пайдаланушылар балықтандыру бойынша жүктелген міндеттерін атқарып жатыр. Ал резервтегі көлдер қараусыз қалды.

Өңірдің ихтиофаунасында балық өндіру кәсібі үшін қажет емес балық түрлері көптеп кездеседі. Өзен-көлдерде кездесетін су маржандарының 70%-і осы тектес. Сондықтан су айдандарын батпақтанудан құтқаратын бағалы балық түрлерін көбейту керек.

Жасұлан Жұмашев, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

- Бағалы балықтар, ол тұқы балықтары және өсімдіктерді жейтін басқа балық түрлері. Бұл неге істелінген? Өзендер мен көлдердің өсіп кетпеуіне арналған. Осындай шараларды атқаратын бізде 27 субъекті бар, оларға 57 көл тіркелген.

Биыл Баянауыл ауданындағы Сабындыкөл және Торайғыр көлдеріне құнды балықтардың 145 мыңнан астам шабағы жіберілген. Ал, келесі жылы Ертіс өзеніне тұқы тұқымдастарының 45 мың данасы босатылады. Бұл шараға 3 млн теңге бөлінбек. Мақсат бір – өзен-көлдердің экологиялық тепе-теңдігін сақтау.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы