423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында сауда орындары аптасына алты күн жұмыс істейді

  • 161
  • UPD: 23:04, 24.10.2020

Маңғыстау өңірінде кешеден бері шектеу шаралары жеңілдетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді киім-кешек, құрылыс материалдары, тағы басқа тауарлар сатылатын жабық сауда орындары аптасына 6 күн жұмыс істейді.

Талғат Исламұлы, тілші:

- 31-шағын аудандағы жабық базардың бутиктері бүгін ашық тұр. Нысан күзетшілері кірген адамның дене қызуын арнайы құралмен өлшеп, бетперде тағып кіруді сұрайды. Сенбі күнгі сауда қызу. Сатушы Гүлзира Ауғымбаева таңертеңгі 09:00-ден бері келушілердің аз болмағанына қуанышты. 17 тамыздан бастап 23 қазанға дейін халық жабық базарлар мен сауда үйлеріне тек жұмыс күндері ғана барып жүрді. Мұның бизнес-ортаға теріс әсер еткені де анық.

Гүлзира Ауғымбаева, жеке кәсіпкер:

- Демалыс күндері жабылған соң біз табысымыздың 50%-інен айырыламыз. Барлығымыз бірдей кредит төлеп отырмыз. Сенбі күні жұмыс істеуге рұқсат берілгеніне қуанып жатырмыз. Жексенбіде базардың ашық болғаны кәсіпкерден бөлек тұрғындарға да тиімді. Карантин уақытында жазғы сатылымдағы тауарларды өз бағасымен сатуға тура келді. Бұдан бизнесімізге үлкен шығын келді.

Жергілікті тұрғындар төбесінің түсіне қарап, «Сары базар» деп атайтын жабық нысанда 800-ге жуық кәсіпкер азық-түлік емес әртүрлі тауар сатып, күнелтіп отыр. Ғимарат әкімшілігі де шектеу шараларын жеңілдету бизнес өкілдерінің қайта аяққа тұрғазарына сенімді. Олар мұндағы орынды жалға алу ақысын бүгінге дейін тек жұмыс күндеріне ғана есептеп келіпті.

Любовь Омельченко, базар әкімшісі:

- Өндірістік тауалар, киім-кешек сататын сауда нүктелері сенбі күні де таңғы 09:00 мен кешкі 17:00-ге дейін ашық тұрады. Жексенбі күнге де рұқсат берілсе дұрыс болар еді. Мұндай шешім көп ұзамай шығады деп сенеміз.

Осылайша, қаладағы жабық базардың әкімшілігі кәсіп иелерінің тоқыраудан шығару үшін қолдан келгенше қол ұшын созуда.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы