425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арыс қаласындағы шағын кооператив жылына 12 мың дана аяқ киім шығарады

  • 98
  • UPD: 10:26, 15.11.2020

Түркиядан оқып келген білікті мамандар отандық өнімнің үлгісін өздері пішеді.

Сөйтіп таза табиғи былғарыдан ерлер мен балалардың аяқ киімін тігеді. Мемлекеттен «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 1% болатын 5 млн теңге несие алған кәсіпкер енді қыстық етіктер тігуді қолға алмақ.

Мына шағын ғана цехта аяқ-киімнің үш жүзге жуық түрі тігіледі. Отандық өндірісті дамытуға бағытталған фабрикада жеті адам жұмыс істейді. Түркияда оқып, біліктілігін шыңдап келген мамандар аяқ киімнің үлгісін өздері пішеді. Кәсіпорын басшысының айтуынша, биылғы маусымдағы сән үлгілері келер жылы шығарылмайды. Оның орнына дизайнерлер сұранысқа ие болатын жаңа түрін ойлап табады. Мұнда шығарылатын аяқ киімнің дені – маусымдық. Жаз бен күз мезгіліне арналған. Барлығы таза табиғи былғарыдан тігілген. Бағасы да қолжетімді. Ішкі нарықта 12 мен 19 мың теңге аралығында саудалануда.

Әміртай Бейбасар, кәсіпкер:

- Кәсіпорнымыз айына 3 мың жұп аяқ киім тігуге шақталған. Болашақта айына 6 мың жұп шығаруға болады. Соған әрекет жасап жатырмыз. Жанымызда ғимарат салып жатырмыз. Неге десеңіз, бізде сұраныс өте көп. Түркиядан үлкен станоктар алып қойдық. Енді қыстық етіктерді тігеміз.

Алайда кәсіпкер шикізатты шетелден таситынын айтады. Мәселен, экологиялық таза былғарыны Ресей мен Украинадан және Түркиядан әкеледі. Арасында өзіміздің Шымкент пен Тараздағы тері өңдейтін зауыттың да өнімдерін пайдаланады. Ал аяққа жайлы, киіске төзімді табандарды тек Түркиядан тапсырыспен алдыртады. Арыста болған жарылыстан кейін мемлекет кәсіпкерге «Қамқорлық» бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 1% болатын 5 млн теңге несие берген. Істің көзін білетін жігітағасы оған жаңа ғимарат салып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жалпы Түркістан облысында аяқ киім шығаратын 3 кәсіпорын жұмыс істейді.

Олжас Жансейітов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Жалпы еліміз бойынша «Қазақстанда жасалған» жеңіл өнеркәсіп өнімдері ішкі нарықтың 4-5% ғана құрайды. Бұл өте аз. Сондықтан мемлекет осы салаға басымдық беріп, қолдау көрсетіп отыр. Қазір осы бағытта жаңа кәсіпорындар ашылуда. Биыл «Еңбек» бағдарламасының «Бизнес бастау» жобасы арқылы өз кәсібін ашқысы келетін 3600 адам оқыды. Оның 786-сы грантқа ие болды. Қалғандарына төмен пайызбен несие берілді. Барлығы өз кәсібін ашты.

Биыл Түркістан облысында 1,6 млрд теңгеге жеңіл өнеркәсіпке бағытталған 14 жоба қаржыландырылды.

Айта кетейік, өңірде жеңіл өнеркәсіппен айналысатын 24 кәсіпорын бар. Олар биыл жыл басынан бері 12,5 млрд теңгенің өнімін шығарған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы