420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да субсидия алған 13 шаруа қожалығы мемлекетке қарыз болып қалды

  • 115
  • UPD: 20:18, 19.11.2020

Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттен субсидия алған 13 шаруа қожалығы аяқ астынан қазынаға қарыз болып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шалғай жерде кәсібін дөңгелетіп, мал-жанын өсіріп отырған отбасылар енді жаратып қойған қаржыны қайдан табарын білмейді. Кәсіп иелері шаруашылықтарына күн панельдерін орнатқан. Шығынның 80 процентін субсидиямен жауыпты. Алайда қазір оларға мемлекеттен бөлінген қаржының біраз бөлігін қайтару туралы хат келіпті.

Үшбу хатты алғандардың тізімінде Тарбағатай ауданындағы шаруа қожалығының бірі бар. Қожалық қыстағына күн панельдерін орнату үшін өз қалтасынан 3 миллион теңгеден астам қаражат жұмсапты.Сол шығынның 80 проценті мемлекеттік субсидия есебінен өтелген. Осылайша жетекшісі Қайрат Сапаров баламалы энергия арқылы электр жарығына әрі таза ауыз суға қол жеткізіп, үкіметтің қолдауына ерекше разы болады. Алайда субсидияның белгілі бір бөлігін қайтарасың деген хабарды естіп аң-таң.

Қайрат Сапаров, шаруа қожалығының басшысы:

– Енді бұл берілмес бұрын қаншама тексеруден өтті, жауапты адамдар бұған қол қойды, біздің кінәміз қанша, бұл жерде қателік жасаған адамдар жауап берсін, біз сатып алдық, Үкіметке рақмет,субсидиясын берді, қызығын көріп жатырмыз.

Бұл 45 жылдан бері осы жерде отбасылық кәсіпті жалғастырып отырған қожалық иесінің алғаш рет мемлекеттік субсидияға жүгінуі екен. Енді аяқ астынан қазынаға берешек болып қалғанына қынжылады. Олар хаттағы мәлімет бойынша 480 мың теңге қайтаруы керек.

Төлеу Кадирова, шаруашылық өкілі:

– Таза еңбегімізбен келе жатырмыз. Біз бірінші рет алдық, бірінші рет Үкіметтен қолдау көріп, жақсылығын көріп жатырмыз, бірақ бір бөлігін қайтарыңдар дегені дұрыс емес.

Мәселенің түп-тамыры мынада. Қожалық басшылары 2018 жылы мемлекеттің демеу қаржысын алуға сұраныс береді. Ол мақұлданғанша 2019 жыл кіріп, ереже өзгереді. Субсидия мөлшері азаяды. Шаруалар оған көнбей, субсидияның ескі ереже бойынша берілуін талап етеді. Тіпті іске прокуратура араласып, ақыры шағымданған 13 қожалыққа 2018 жылдың тәртібіне сай субсидия бөлінеді. Ал биыл ревизиялық комиссия мұны заңсыз деп тапқан.

Ербол Қуанышев, ШҚО ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

– Осы жолы ревизиялық комиссия тексерген кезде заңсыз деп, 2018 жылғы ережемен 2019 жылы төленді деп, артық ақшаны Үкіметке қайтарсын деген сондай шешім беріп отыр, қожалықтағыларға артық ақшаны қайтарыңдар деді.

Қожалық иелері ереже өзгергенін білді. Сондықтан алдыңғы сұраныстарының күшін жойып, жаңа талапқа сай қайта өтініш берулері керек еді дейді мамандар. Алайда олай болмаған. Шаруалар болса, қаншама бастықтың қолынан өткен құжаттың соңы былыққа батыратынын біз қайдан білдік деп отыр.

Қайрат Сапаров, шаруа қожалығының басшысы:

– Мынадай жағдай болады деп күткенз жоқпыз, бұл белгілі себептермен адамдардан кеткен қате шығар.

Қысқасы 13 қожалық жалпы ел қазынасына 71 миллион теңгені қайтаруы қажет. Оның қазірге дейін 29 миллион теңгесі өтеліпті. Енді қалғаны қайтарылуы керек. Ал келіспеген шаруалар ревизиляқ комиссия шешімін сотқа беруге құқылы. Айта кеткен жөн, биылдан бастап шаруашылықтарға күн панельдерін орнату бойынша субсидия мүлдем бөлінбейтін болды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы