427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында тауарлы сүт фермалары көбейіп келеді

  • 182
  • UPD: 23:17, 24.11.2020

Ақмола облысында алдағы жылдары сүт зауыттарының жүктемесі 90%-ке жеткізіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, сүт өңдеу кәсіпорындарының барлығы дерлік толық қуатта жұмыс істейді деген сөз. Ал, қазір бұл көрсеткіш еліміз бойынша 50, аймақта 65%-тің шамасында. Ол үшін екі жылдың ішінде бірнеше ірі тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Елорда іргесіндегі Шортанды ауданынан бой көтерген бұл фермаға қазірдің өзінде шетелден 123 бас сиыр сатып әкелінген. «Ал, сауын залының құрылысы жақында аяқталады», - дейді, мұндағылар. Нысанда бір мезетте 24 сиыр сауылады. Ферма алғашында ауысымына 2 тонна сүт бермек. Ал, кейіннен бұл көрсеткіш 5 есеге дейін өседі. Яғни, мал басы көбейеді.

Данияр Есетов, ферманың басқарушысы:

- Жоспарымыз – тағы да екінші ангар 600 басқа салайын деп жатырмыз. Сүт өңдейтін цех салайын деп жатырмыз. Біздің өніміміз Нұр-Сұлтан қаласында, Қарағанды, Көкшетау және Петропавл қалаларында болады.

Мұнда қазір 10 шақты адам еңбекпен қамтылған. Ал, сауын залы іске қосылса, тағы 5-6 адам, яғни, сауыншылар жұмысқа алынбақ. Жалпы өңірде биыл осындай ірілі-ұсақты 18 ферма ашылған. «Сүт зауыттарына жеткізілетін шикізаттың 25%-ін міне, солар беріп отыр», - дейді мамандар. Енді олардың қатары тағы 4 ірі шаруашылықпен толығады. Нысандардың әрқайсысында кемінде 1 мың бас сүтті сиыр байлауда болады.

Қасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы шаралардың нәтижесінде облыста сүт 40 мың тоннаға көбейеді. Егер қазір біздің фермалар мен жекелеген қожалықтар 390 мың тонна мың сүт шығарып отырса, алдағы екі жылда бұл көрсеткіш 400 мыңнан асады деген сөз. Міне, бұл сүт зауыттарына баратын нағыз сапалы шикізат.

Ал, облыста 15 сүт зауыты бар. Оларға жылына 150 мың тоннаға жуық шикізат қажет. «Мамандандырылған тауарлы сүт фермаларын ашудағы тағы бір мақсат – қарапайым халықтан жиналатын сүттің көлемі соңғы жылдары азайып бара жатыр», - дейді сала мамандары. Әсіресе, қыста күрт кемиді. Ал, өңдеу кәсіпорындарына қашан да тұрақтылық қажет.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы