423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Оралда «Хатико» пайда болды

  • 422
  • UPD: 23:45, 10.12.2020

Тұрғындардың айтуынша, иесіз ит ұзақ уақыттан бері жолдың жиегінде әлдекімді күтіп жүр.

Талай адам оны асырап алмақ та болған. Алайда ешкімге ұстатпайды. Жолдың бойына үйшік те қойылған. Жүргізушілердің көбі сол жерге тамақ қойып кетеді. 

Бұл – қала мен Зашаған кентін Шаған өзені арқылы байланыстыратын басты жол. Тұрғындар «Хатико» деп атап кеткен ит дәл осы жолдың бойына жиі келеді.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

– Жанашыр жандар жолдың бойына итке арнап үйшік орнатқан еді. Бірақ оның кімге кедергі келтіргені белгісіз, әйтеуір қиратып, мінеки, жолдың бойына лақтырып тастаған. Мұны қайтадан қалпына келтіріп, жолдың бойына көтеріп шығару, бір-екі адамның қолынан келетін шаруа емес.

Иесіз итке үйшік жасаған жанашыр жанды іздеп таптық. Айсұлу Сағитова мұны достарымен бірге әкеліп орнатқан екен.

Айсұлу Сағитова, қала тұрғыны:

– Бұл үйшікті 22 қарашада әкелдік. Ол өте ауыр, 200 келідей болады. Алайда оны аударып тастапты. Неге олай жасағандарын білмеймін. Күн суық. Ит осы жерге күн сайын келіп-кетеді. Жұмысқа бара жатқан кезде тамақ тастап кетемін.

Жолдың бойына белгісіз біреу тағы бір кішкентай үйшік қойыпты. Сондай-ақ ешкімнің тиіспеуін өтініп, жазба қалдырған. Оған жолаушылар үнемі тамақ тастап кетеді. Алайда итті таспаға түсіру қиынға соқты. «Хатико» әлденеден немесе әлдекімнен әбден қорқып қалған сыңайлы, адамдардан қаша жөнеледі. Ол жолдың бойында иесін күтіп жүруі мүмкін. Жұрт оның қожайыны бұл жерде көлік апатынан қайтыс болған деседі. Ақпараттың рас-өтірігі беймәлім.

Қалада қаңғыбас үй жануарлары ауланады, бірақ бұрынғыдай жойылмайды. Ит-мысықтар зарарсыздандырылады және түрлі ауруға қарсы егіледі. Ветеринар мамандар «Хатиконы» да ауламақ болыпты.

Ғаділбек Әлібеков, қалалық ветеринария станциясының директоры:

– Біз оны ұстап алмақ болдық, бірақ ол үнемі орманға қарай қашып кетеді. Қалада иесіз иттер көп екені рас. Өйткені біз аулаған қаңғыбас жануарларға кастрация жасағаннан кейін оларды қайтадан босатып жібереміз. Күні бүгінге дейін 700-ден астам ит-мысық ауланып, 500-ден астамы ұрықсыздандырылды.

Көше кезген ит-мысықтың көбі қыста аязға немесе аштыққа шыдамай, өліп қалады. Қаладағы қаңғыбас жануарларға қамқорлық көрсетіп жүрген еріктілер қазір 140-тан астам салпаңқұлақ пен мысықты асырап отыр. «Тұрғындар жануарларды қорғау мәдениетін қалыптастырса екен», – дейді волонтерлер.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы