«Менің туым, менің Отаным» акциясы Павлодарда жалғасып жатыр. Мереке күні орталық көшеде көк байрақтың қаз-қатар тізілген бейнесі пайда болды. Бастама тұрғындарға ұнағаны соншалық, оны суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде жарыса бөлісуде.
Мерекеде елордадағы халықаралық әуежай іші де тумен безендірілді. Сондай-ақ «Астана мюзикл» театрының жастары жолаушыларды музыкалық қойылыммен қуантты. Олар Ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Тәуелсіздік мерекесіне арналған жоба «Нұрлы жол» вокзалында жалғасын тапты. «Қазақконцерт» ұйымының әртістері теміржолшы формасын киіп, флешмоб ұйымдастырды. Әсіресе «Атамекен» әнінің шырқалуы келушілерге ерекше әсер сыйлағаны анық.