378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетісуда өзін прокурормын деп таныстырған алаяқ сотталды 

  • 274
  • UPD: 13:25, 06.02.2019
Жетісуда өзін прокурормын деп таныстырған алаяқ сотталды  Túrkistan

Көкшетау қаласында есірткі сатпақ болған күдікті қолға түсті, ал Орал шаһарында екі адамды өлтірген қылмыскерлер кінәлі деп танылып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысында алаяқтықпен айналысқан 26 жастағы азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Оңтүстік астананың тұрғыны айыпталушылар мен күдіктілердің туыстарына өзін прокурормын деп таныстырып, олардың жақындарын жазадан құтқаруға уәде еткен. Осылайша облыстың үш тұрғынын алдап соққан. Жәбірленушілерге келген шығын – 23 миллион теңге. «Аса ірі мөлшердегі алаяқтық» бабы бойынша алаяқ 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бір адам із-түзсіз жоғалып кетті

Жамбыл облысында бір адам із-түзсіз жоғалып кетті. Оқыс оқиға Мойынқұм ауданында тіркелді. 46 жастағы азамат 31 қаңтар күні Жамбыл ауылынан шығып, қайтып оралмаған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сәйкес, тұрғын жеңіл көлікпен 15-20 шақырым жердегі шаруа қожалыққа қарай шыққан көрінеді. Қазір іздестіру жұмыстарына 50-ден астам адам, 10-ға жуық техника, 1 тікұшақ жұмылдырылды. Сонымен қатар іздеу шараларына Тараз қаласынан қосымша 20-ға жуық адам мен бірнеше иісшіл иттер жіберілді. 

Көкшетауда 25 келі есірткі тәркіленді

Ақмолалық полицейлер облыс орталығынан 25 келі гашиш есірткісін тәркіледі. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға осыдан бірнеше күн бұрын болған. Көкшетаудағы пәтерлердің бірінде есірткі заттарын сатпақ болып, өзара келісім жасасып жатқан күдіктілер ұсталған. Ал жалдамалы пәтерді тінту барысында әртүрлі қапшықтарға салынған 25 келі гашиш табылыпты. Белгілі болғандай, есірткі заттары Жамбыл облысынан әкелінген екен. Қазір аталған іске қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал ұсталған екі күдікті уақытша изоляторға жабылған.

Екі адамды өлтіргендер ұзақ мерзімге сотталды

Орал қаласында екі адамды өлтірген айыптылар кінәлі деп танылып, ұзақ мерзімге сотталды. Қылмыс 5 қазан күні болған екен. Арақ ақылдан айырмай қойсын ба, сол күнгі төрт адамның арасындағы отырыстың соңы жанжалмен жалғасады. Төбелес барысында әлі жеткендері әлсіздерін қолына түскенмен ұрады. Бекболат Хамзин мен Анатолий Васильев сол жерде көз жұмады. Осы оқиғаның ақ-қарасын айырған фемида өкілі Руслан Сәңкібаевты 16 жылға, Арман Қамиевты 15 жыл 6 айға қауіпсіздігі жоғары мекемеде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.  Сотталушылардың шағымдануға уақыты бар.

Полиция көлігі адам қақты

Өскеменде полиция қызметкерлеріне тиісті  автокөлік қарияны қағып кетті.

Оқиға Стаханов және Тәуелсіздік даңғылының қиылысында болған. Жедел мәліметтер бойынша қарт әйел реттелетін жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп келе жатқан. Дәл осы сәтте оны полиция көлігі қағып кетті. Белгілі болғандай, ол көлік Глубокое аудандық полиция бөліміне тиісті екен. Қазір зардап шеккен әйел түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Облыстық Полиция департаментінің ақпаратына сай, аталған оқиғаға орай, ҚК 345-бабы 2-бөлімі  бойынша тергеу амалдары басталды.

Есірткі сатушы қолға түсті

Жамбыл облыстық Полиция департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі сатумен айналысқан, бұрын да сотталған 56 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Тиісті санкцияларға сәйкес оның үйін тінту кезінде бір келіден астам кептірілген марихуана табылды. Енді Тараз қаласының тұрғынының үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлімі және 297-баптың 1-бөлімі, яғни есірткі заттарын заңсыз сақтап-тарату фактісі бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.

Салт атты көлік астына түсті

Алматы қаласында Құлжа айналма тас жолының бойында ат пен адам көлік астына түсті. Қайғылы жағдай Панфилов кентіне кіреберіс жерде болған. Жол жиегіндегі аттылы өзінен озып бара жатқан жүк көлігіне соғылған. Басынан алған ауыр жарақаттан 49 жастағы азамат оқиға орнында қайтыс болған. Көлік апатына жолдың тайғанақтығы себеп болды ма, ат үрікті ме, әзірге белгісіз. Оқиғаның ақ-қарасын жол инспекторлары анықтауда.

Хабар 24 телеарнасы