389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңаөзенде 4 жасар баланың көзін кварцқа күйдірген медбике жұмыстан кетті

  • 233
  • UPD: 20:51, 30.09.2019

Жаңаөзенде төрт жастағы бала мен оның әпкесінің көзін кварц шаммен күйдірген мейірбике және санитар қызметтерінен кетті. Ал олардың жұмысын бақылаусыз қалдырған аға мейірбике мен бөлімше меңгерушісіне сөгіс жарияланды.

Ақ халаттылардың өрескел қателігінен соң облыстық басқармада шұғыл өткен жиынның қорытындысы осы. 

Зардап шеккен науқастар қазір емдік шараларды үйінен алып жатыр. Баланың анасы жақындарының жағдайы жуық арада түзелмесе медицина қызметкерлерін сотқа беруге бел буып отыр.

Даулы оқиға 26 қыркүйек күні Жаңаөзендегі жұқпалы аурулар ауруханасында орын алды. Кварц шамдарды қосып палата ішін залалсыздандырмақ болған мейірбикелер кереуетте жатқан әйел мен баланы естен шығарған. Яғни, олардың бұл жерде қалуға болмайтыны туралы ескерту жасамаған. Арада аз уақыт өтпей төрт жастағы сәби мен әпкесінің көзі қызарып, кейін домбығып ісіп кетеді. Баласының кірпігін аша алмай жатқан сәтін анасы смартфонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейді.

- Міне балам көзін ашпайды. Осы екі медсестра қосқан. Оның үстіне өздері емес, санитаркаға айтқан. Санитарка 45 минут қойған. Міне арызын жазып отыр. Үйге келіп балаға қараймын дейді. Медсестра болып не істеп жүр екеуі?! Қолдарынан келмей ме, жұмыстан шықсын. Ертең басқа балалардың да көзін осылай күйдіреді. 

Көз жанарынан айырыла жаздаған сәбидің анасы журналистермен кездесуді қаламады.

Айтуынша, емдік шаралардың тек үйде жасалуын дәрігерлерден талап еткен. Жуық арада баласы мен сіңлісінің жағдайы түзелмесе, қалалық сотқа арыз жазбақшы. Денсаулық сақтау басқармасындағылар болса, бұл істің шұғыл жиында қаралып кінәлі тұлғалардың жауапқа тартылғанын мәлімдеді. 

Ләззат Есенғалиева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Деректің мән-жайы анықталған соң сәби жатқан бөлімшенің меңгерушісі мен аға мейірбикесіне сөгіс берілді. Ал қызметіне жауапсыз қараған мейірбике мен санитардың өз еркімен жұмыстан шығу туралы арызы қанағаттандырылды. Мұндай жағдайдың қайталанбауын қадағалау жөнінде облыстың барлық емдеу мекемелерінің басшыларына ескерту берілді.  

Әзірге белгілісі, кварц шамнан көзі күйген жаңаөзендік бала мен әпкесін окулист дәрігер тексерген. Шу шыққан аурухананың басшылығы емделушілердің жай-күйін бақылауда ұстап отыр.  

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы