378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазығұрт бағбандары раушан гүлінің жаңа түрін өсіре бастады

  • 2817

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданын көпшілік кішігірім Голландияға теңейді.

Өйткені ондағы жұрттың басым бөлігі негізінен хош иісті раушан және қалампыр гүлін өсірумен айналысады. Аудан бағбандары жалпы аумағы 1,5 гектар жылыжайда 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арнап мыңдаған дана гүл өсіріпті. Бұйыртса, айтулы мерекеде жұпар иісі мен әсемдігі көңіл көтеретін гүлдер асыл аналарымыз бен қыз-келіншектерге тарту-таралғы жасалады. Бағбан жылыжайдан жиналған гүлдердің ең әдемісін ғана қалдырып жатыр. «Өйткені бұл мерекенің орны бөлек», - дейді шаруа. Көздің жауын алатын раушан гүлдер қара күзден қарауға алынған. Қауыз жарған гүлдің жұпар иісі мен әсемдігі көңіл көтереді. Сондықтан өзі өсірген гүлдің талай адамның жанын жадырататынына сенімді.

Батыр Умурзақов, бағбан:

- Бұл «Черная магия» әдемі әрі шыдамды, көп тұрады. Сыйлағанға да әдемі. Одан кейін иісі де бар. Бұл – өзіміздің жергілікті раушан гүлі.

Әкеден көрген кәсіпті қолға алған Баһадүр да күнде жылыжайдың ішін бір аралып шығады. Шаруашылықтың тілін жетік меңгерген. Гүлдер де бала сияқты ерекше күтімді қажет етеді. «Қанша жерден тыңайтқышын беріп, қолдан қаншама от жаққаныңмен, оның гүлге күн сәулесіндей әсері болмайды», - дейді ол. 10 жыл бұрын егілген көшеттер бірте-бірте жергілікті жердің табиғатына да бейімделген. Тіпті қою қара түсі де өзгеріпті.

Баһадүр Умурзақов, бағбан:

- Кешке азанда қырқу керек. Күн ыстықта солып қалады. Өзі негізі бірінші келген кезде бетінің бәрі қап-қара еді. Қазір ауа райына бейімделгеннен кейін қызыл болды.

Атадан балаға жалғасқан кәсіпті бұл әулет 2000 жылы қолға алыпты. Үй іргесіндегі ұлтарақтай жерден нәпақасын тауып, жеп отыр. Отбасылық бизнес нағыз табыс көзіне айналған. Жұпар иісті гүл мен көкөніс өсіруді кәсіп еткен қазығұрттық шаруалар 1,5 гектар жердегі жылыжайдан жылына 20 мыңнан астам гүл жинайды екен.

Көздің жауын алатын мына гүлдердің басым бөлігін жергілікті шаруалар өсірген. Бұл қара күзден бастап ерте көктемге дейінгі бағбандардың атқарған еңбегінің жемісі. Сұлулық пен махаббаттың символы болған раушан гүлі көктеммен қатар келген 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінде аналарымыз бен әпке-қарындастарымызға жасалатын негізгі сыйлықтың бірі болмақ.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов 

Хабар 24 телеарнасы