388,62 430,50 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Б.Атамқұлов хорватиялық әріптесімен кездесті

  • 572
  • UPD: 19:21, 30.04.2019

Еліміздің сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстанға іссапармен келген Хорватия премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы және еуропалық істер министрі Мария Пейчинович-Буричпен кездесті.

Тараптар екі арадағы сауда айналымының соңғы үш жылда қарыштап өсіп, 350 млн долларға жеткеніне тоқталды. Бүгінде мұнай-газ және тамақ өнеркәсібі, құрылыс, фармацевтика туризм және ауыл шаруашылығы салаларында бірлесе атқарылған жоба көп. Кездесуде іскерлік байланыстарды одан әрі дамыту үшін биыл үкіметаралық комиссияның бірінші отырысын өткізуге шешім қабылданды. Бұдан соң қос министр білім және ғылым саласында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Айта кетейік, қазір елімізде 30-ға жуық xорват компаниясы жұмыс істейді. Олар жүзеге асырған жобалар қатарында электронды денсаулық төлқұжатын енгізу және протез-ортопедиялық өнімдерді бірлесіп шығару секілді бастамалар бар. Ресми кездесу соңы министрлердің Хорватия елшілігін ашуымен қорытындыланды.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Өте табысты келіссөздер өткіздік. Пейчинович-Бучич xаным өзінің сапарын Нұр-Сұлтандағы Хорватия елшілігінің ресми ашылуымен ұштастырды. Бұл шет мемлекеттің Қазақстандағы 70-өкілдігі болды. Бұл Хорватияның Қазақстанға деген үлкен құрметінің айрықша көрінісі, елімізбен ерекше қатынас пен достықтың белгісі деп білеміз.

Мария Пейчинович-Бурич, Хорватия Премьер-министрінің орынбасары - Сыртқы және еуропалық істер министрі:

- Бүгін қол қойылған келісім қазақстандық әріптесім атап өткен үкіметаралық комиссия жұмысына тың серпін беретініне сенемін. Ол өз кезегінде екі арадағы іскерлік байланыстың одан әрі дамуына оң ықпал етеді. Біз барлық сала бойынша әріптестік қарым-қатынас орнатуға ынталымыз.

Хабар 24 телеарнасы