378.77 425.70 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев Талдықорғандағы бірқатар нысанды аралады

  • 183
  • UPD: 14:04, 02.05.2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен бүгін Алматы облысына барды. Президент Жетісу жұртшылығымен кездесіп, бірнеше нысандарда болды.

Дәл қазір Талдықорған қаласынан тілшіміз Гүлжан Марқабаева тікелей байланысқа шығып тұр. Гүлжан, Мемлекет басшысының Алматы облысына сапары қалай өтіп жатыр?

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі күн тәртібі өте тығыз екенін айта өткен жөн. Президент Талдықорған қаласында бірнеше нысандарды аралаудан бөлек, бүгін Қаратал ауданына барады деп жоспарланып отыр. Президент Талдықорған қаласына ұшып келген соң, кідірместен жетісулық жұртшылықпен кездесті. Мына біз тұрған Салтанат сарайында бір сағат бұрын жиын өткен болатын. Бұл жерде Мемлекет басшысымен кездесуге облыстың зиялы қауымы, іскер өкілдері мен белсенді жастары жиналды. Президент Жетісу жерінің тарихи маңызына тоқталып өтіп, дөңгелек үстелдің басына жиналғандармен әңгіме-дүкен құрды. «Әуелі сіздерді тыңдағым келеді» деген Президентке облыс жұртшылығы тілектерін де, өтініштерін де жеткізіп жатты. Мемлекет басшысы жиын соңында Алматы облысында шешілуі тиіс бірқатар мәселелерді тізіп өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Барлық аймақтардағы секілді Алматы облысында да ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі шешімін таппаған. Бұл мәселемен түбегейлі айналысу керек. Бөлінген қаржының тиімділігін Есеп комитеті анықтасын. Алматы облысында апатты әрі үшауысымдық мектептер әлі бар. Бұл мақсатқа 2018-2019 жылдары 15,5 млрд теңге бөлінген. Дегенмен, облыс әлі 20 мектепке мұқтаж. Осы мәселені шешу үшін 2020-2021 жылдарға қосымша 29 млрд теңге бөлуді тапсырамын.

Жиыннан соң Мемлекет басшысы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Президентке таныстырылған орталық енді бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, кез келген кәсіпкерге кез келген көмек осы жерден көрсетіледі. Қазір облыста 115 мыңнан астам кәсіпкер бар. Осы ретте орталық директоры Нариман Әбілшайықовтың сөзіне құлақ түрсек.

Нариман Әбілшайықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

- «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2018 жылы 3 мыңнан астам кәсіпкерлікке үміткер адамдарды оқытқызып, оның тең жартысы өзінің шағын кәсібін ашып, өз жұмысын жасауда. Ауылдарда көбінесе оқып жатқандар әйел адамдар.

Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Талдықорған қаласында орналасқан «Қайнар АКБ» зауытының жұмысымен де танысты. Бұл кәсіпорын жылына 3 млн дана көлік аккумуляторларын шығаратын елімізде теңдесі жоқ кәсіпорын. Түстен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласында жалғаспақ. Ол жерде Президентке сервистік әкімдіктің жұмысы таныстырылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Кемел Тоқаев атындағы орта мектепке барады деп күтіліп отыр. Президенттің диқандармен де кездеседі деген жұмыс жоспары бар.

Хабар 24 телеарнасы