384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Клубы» отырысының өтетін күні белгілі болды

  • 181
  • UPD: 11:53, 25.10.2019
«Астана Клубы» отырысының өтетін күні белгілі болды

Саяси форум бесжылдық жұмысын қорытындылайды.

«Астана клубы» халықаралық пікірталас алаңы бесінші басқосуын өткізеді. Әлемнің 50-ге жуық сақа саясаткері мен Еуразияның әйгілі зиялыларын, халықаралық қатынастар саласындағы үздік мамандарды бір жерге тоғыстыратын кезекті кездесу Қазақстанның бас қаласында 11-12 қараша аралығында өтеді. Іс-шараның ұйымдастырушылары Әлемдік экономика және саясат институты мен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры. Отырыстың күн тәртібіне Үлкен Еуразияның стратегиялық болашағы мен қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қойылған. Бесінші сессия барысында клуб қатысушылары Еуразия мемлекеттері мен халықтарының даму жолында туындаған өзекті мәселелерін назарға алып, аймақтық ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктерді қарастырады және болашақ жоспарларға қатысты ой алмасады.

Тұжырымдамалық тұрғыда барлық талқылаулар басты мәселеге – Үлкен Еуразияда жаңа ынтымақтастық архитектурасын құруға арналады. Аталмыш тақырыпты таңдауға соңғы 70 жыл бойы халықаралық қатынастарда тұрақтылықты қамтамасыз еткен ғаламдық институттардың күйреуі мен құлдырауының ауқымды процестері себеп болып отыр.

Оның үстіне күйреудің шыңы дәл қазіргі кезеңге тап келуде. Ол ядролық қауіпсіздік саласындағы стратегиялық келісімдердің жойылуы, дүниежүзілік экономикада протекционизмнің үдеуі, сонымен қатар санкция салдарының ушығуы мәселелерінде анық көрініс тапты. Оған қоса, климаттың құбылуы жаңа ғаламдық қауіп-қатерге айналғаны жасырын емес. Нәтижесінде, біздің дамуымыз қаншалықты тұрақты болатынына қатысты стратегиялық белгісіздік артып келеді. Осы мәселелердің барлығы ашық және шынайы талқылауды қажет етеді. Әлемдік экономика және саясат институты әзірлеген «2020 жылғы Еуразия үшін ең үлкен 10 қатер» сараптамалық рейтингісінің екінші басылымы қатысушылар мен көпшілік назарына ұсынылады.

Тәуекелдер рейтингісіне арналған былтырғы бірінші басылым үлкен сұранысқа ие болғандықтан, ӘЭСИ клубтың кезекті отырысына жаңа басылымды дайындады. Рейтинг түзу барысында ӘЭСИ мамандары зерттеу жұмыстарына әлемнің үздік 40 сарапшыларын тартты.

Астана клубының қызметіне халықаралық деңгейде қызығушылық тууына 2015 жылы құрылған қазақстандық пікір-сайыс алаңының қысқа мерзімде қазіргі заманның ең күрделі мәселелері бойынша Еуразияның барлық шешуші күшке ие ұйымдарының көзқарасын бір арнаға тоғыстыра білген нағыз жаһандық алаңға айналуы себеп. Бұл ретте Astana Club Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының жарқын көрінісі іспетті.

Ашылғалы бері клуб қызметіне әлемнің 40 елінен 200-ден астам сарапшылар қатысты. Оның ішінде АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Түркия, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және т.б. елдердің өкілдері бар. «Астана клубының» бесжылдық тарихындағы танымал саясаткерлер мен сарапшылар қатарында Жозе Мануэль Баррозу, Мұхаммед әл-Барадей, Ахмет Дәуітоғлы, Вацлав Клаус, Хамид Карзай, Джордж Фридман, Ян Моррис, Роберт Каплан және басқа да меймандар бар. 

«Астана клубының» жыл сайынғы отырыстарына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, келешекке қатысты кемел ойларын ортаға салады.

«Астана клубы» отырыстары аясындағы талқылаулар «үлкен еуразиялық пікірсайысты» қалыптастыру мен ілгерілетуде маңызды алаңға айналғанын атап өткен ләзім. Клубтың әр отырысы жаңа қалыптасып келе жатқан «Үлкен Еуразия» феноменінің осы және өзге де аспектілеріне арналады. Оның құрамына еуразиялық мегақұрлық шеңберіндегі Азия мен Еуропаның барлық мемлекеттері кіреді және олардың саясат, экономика, қауіпсізідк салаларындағы қарым-қатынастары тақырыптарға тұздық болмақ.  

«Астана Клубының» 2015 жылы қарашада өткен алғашқы отырысы Еуразияның геоэкономикалық мәселелерін талқылауға арналды. Ал екінші отырыста Еуразия кеңістігіндегі алдағы өзгерістердің мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлері сөз болды. Клубтың 2017 жылғы үшінші отырысы «Үлкен Еуразия - 2027: текетірес немесе серіктестік» тақырыбында өтті. 2018 жылғы төртінші отырыста сарапшылар «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құруға болады?» тақырыбын талқыға алды.

Клубтың мерейтойлық бесінші отырысында «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа архитектурасы жолында» тақырыбы назарға алынады.

Клубтың сараптамалық талқылауына АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қырғи-қабақтың ушығуы, сауда протекционизмі мен популистік көңіл-күйдің артуы, сондай-ақ әлемнің көптеген ыстық нүктелерінде жаңа шиеленістердің бой көрсетуі мәселелері арқау болмақ.  

Бесінші басқосуда Еуразиядағы ынтымақтастықтың болашақ архитектурасын қалыптастыруға, сондай-ақ жаһандық ядролық-зымыран жарысы сынды жаһандық қауіпсіздіктің негізгі сын-қатерлеріне жауап іздеуге ерекше назар аударылады.

Ақпарат көзі: astanaclub.kz

Хабар 24 телеарнасы