379.41 429.60 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақ күресі жайлы өзге ұлт өкілдері не дейді?

  • 135
  • UPD: 11:42, 25.03.2019

Ресейде қазақша күрес танымал болып тұр.

Спорттың бұл түрін дамытуға Мәскеудегі қазақша күрес федерациясы ұйытқы. Аймақтық әлеуметтік ұйым 9 жыл бұрын құрылған.

Мәскеу қаласында білім алатын мысырлық Киролос Исхак қазақ күресімен жеті ай бұрын танысты. Бірден меңгеріп, қазір жаттығудан қалмайды. Шыңдалу үстінде.

Киролос Исхак, спортшы:

– Осы ортаға бейімделіп кеттім. Жан жағым кілең достар. Балуандар білгенімен бөліседі. Осылайша үйреніп келемін.

Ресейде қазақша күреске қыздар да құштар. Мәскеулік Александра бұрын самбомен айналысатын. Қазақтың ұлттық спортына жарты жыл бұрын бет бұрды. Айтуынша, қазақша күрес өзін өзін қорғау үшін де қажет .

Александра Коростелева, студент:

– Өзіңді еркін сезінесің. Сырттан нәзік көрінсем де, өз өзімді қорғауға шамам жетеді. Ұнаған соң келдім. Денсаулыққа да пайдалы.

Боз кілемге шыққандар алдымен дене тәрбиесі денсаулық кепілі екенін біледі. Кейін шеберліктері артып, жарыстарға қатыса бастайды. Мәскеуде қазақша күресті меңгергіңіз келсе, 10 спорттық залда үйірме бар.

Владимир Рязанов, Мәскеу қаласындағы қазақша күрес ферерациясының президенті:

– Анам да, атам да –  Қазақстанның тумасы. Сондықтан қазақ күресін осында таныту менің міндетім деп білемін. «Еуразия барысы» алғашқы халықаралық жарысы өткенде, студенттерден құралған командам 3 орынға ие болды.

Қазақша күреске қызығушылық танытып жатқан елдердің қатары өсіп келеді. Биыл федерация алғаш рет Ресей чемпионатын өткізді. Спорттық додаға Астрахан, Оренбург, Омбы облыстары мен Кавказ республикасынан және Каленинград пен Сахалин аралдарынан да келген палуандар қатысты.

Наиль Якубалиев, Мәскеу қаласындағы қазақша күрес ферерациясының бас директоры:

– Аптасына екі рет жаттықтырамыз. Оған қоса, жастар өз спорт залдарында да машықтанады. Сайыстарға қатысу үшін бұл өте қажет. Бізге палуандарымыздың жеңісінен гөрі денсаулықтары әлдеқайда маңызды.

Федерация мамыр айының бас кезінде студенттер арасында жарыс өткізбек. Ал ең басты мақсаты – қазақ күресін олимпиадалық күрес деңгейіне жеткізу.

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы