423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда 20 жыл бойы қараусыз қалған «Литейщик» стадионы ашылды

  • 138
  • UPD: 15:28, 24.10.2020

Бірнеше жылдан бері қараусыз жатқан футбол алаңы тұрғындардың шағымынан соң қалыпқа келтіріліп, балалардың игілігіне берілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді келешекте мұнда бірнеше секция жұмыс істемек.

Кезінде жұмысшылар командасы ойнаған «Литейщик» стадионы 90-жылдардың соңында иесіз қалып, алаңды шөп басып, жарамсыз күйге түскен. Ал соңғы уақытта бұл орын заңды митингі өткізу орнына айналады. 

Петр Асылбаев, «Шахтер» футбол клубының жаттықтырушысы:

– Бұл әйгілі стадионда өткен ғасырдың 70-жылдары футболдан облыс біріншілігі өтетін. Кейін тіпті, Қазақстан біріншілігін де ұйымдастырып жүрдік.

20 жыл бойы қараусыз жатқан стадионды қалыпқа келтіру мәселесін ең әуелі осы маңның тұрғындары көтерген. Кейін оларды қоғам белсенділері қолдап, әлеуметтік желіге ашық хат жазып, әйтеуір халықтың үні билікке жетеді. 

Оксана Мордаскина, қала тұрғыны:

– Бұл жұмыстың соңында бір жарым жыл жүрдік. Әйтеуір әкімдік біздің өтінішімізді құп алып, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қазір жақсы болды. Балаларымыз бос уақыттарын осында өткізеді.

Стадионды күрделі жөндеу үшін қазынадан 200 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазір мұнда футбол алаңынан бөлек, жүгіру жолы, көрермендерге арналған мінбер және киім ауыстыратын орын бар.

Тілеужан Қамысбаев, «Аула» клубының ойыншысы:

- Салауатты өмір салтын сақтауға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Екінші сыныптан бастап футболға қызығушылығым бар десек болады. Бұрындары қалаға барып, осындай алаңдарға қызығып, футбол ойнайтынбыз. Енді тура сондай алаң өзіміздің Октябрь ауданында салынып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бәрі ыңғайлы, жақсы, барлық мүмкіндік қарастырылған.

Айтуларынша, жуық арада мұнда спорттың бірнеше түрінен секциялар ашылмақ. Бұл бұқаралық спорттың дамуына серпін береді дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы