387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі экологтар көмірге субсидия бөлуді тоқтатуға шақырды

  • 543
  • UPD: 15:43, 17.01.2019
Еліміздегі экологтар көмірге субсидия бөлуді тоқтатуға шақырды

Көмірді жасырын субсидиялауды доғару керек. Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының басшысы Айгүл Соловьева осылай деді.

Сарапшының айтуынша, осы күні қатты отынды тасымалдауға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Сондықтан оның құны да өзге энергия көздеріне қарағанда анағұрлым арзан. Бағасы төмен болғасын көмірге сұраныс та жоғары. Бірақ қатты отыннан бөлінетін зиянды заттар ауаны ластап, экологияның бүлінуіне түрткі болып отыр. Табиғат жанашырлары осыған алаңдаулы. Сондықтан олар осы жылы экологиялық проблемалар картасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, баламалы энергия көздерін жаңғыртуды ойға алған. Аталған қауымдастық былтыр Қазақстан мен Ресейдегі ірі өндіріс ошақтарының жасыл рейтингісін түзген екен. Ең үздік деген 150 компания таңдап алынған. Мамандар кәсіпорындарды 5 талап бойынша іріктеген. Сорақысы - үздік деген  қазақстандық өндіріс ошақтарының ешбірі, тіпті алғашқы жиырмалыққа енбеген.                

Айгүл Соловьева, Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының басшысы:

- Бүгінде баламалы энергия көздері қымбат деген түсінік қалыптасқан. Газ да тиімсіз дейді. Өйткені оның құны қымбат. Ал көмір неге арзан? Себебі бізде көмір саласын жасырын субсидиялау тетіктері бар. Мәселен, көмірді теміржолмен тасымалдағанға да субсидия бөліп отырады. Ал ондай қосалқы субсидиялау болмаса, оның бағасы газбен бірдей болатын еді.

Елдос Абақанов, экологиялық қауымдастық басшысының орынбасары:

- Елімізде жыл сайын қоршаған ортаның жағдайына байланысты ұлттық есеп дайындалады. Сол есепке сәйкес, тұрақты ластағыштардан шығатын зиянды заттардың көлемі 2 млн тоннадан артық болады. Оның үлкен көлемі Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Атырау облыстарында тіркелген. Яғни ауаны тұрақты ластағыш осы аймақтар болып табылады.

Хабар 24 телеарнасы