434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қызылорда облысында білім бөлімінің басшысы сотталды

  • 165
  • UPD: 21:46, 28.10.2021

Қызылорда облысында оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін бөлінген қаржыға қымбат көлік мініп, брендтік киім алған Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы сотталды.

Экс-шенеунікпен сыбайлас болған сол бөлімнің сектор меңгерушісі мен есепшісі және осы іске қатысы бар 3 тұлғаның да қылмысы дәлелденіп отыр. 335 миллион теңгеге жуық мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылған 6 адамға 7-ден 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Құзырлы органдар Шиелі аудандық білім бөлімінің өткен жылы атқарған жұмысын тексеру барысында бюджеттің 300 миллион теңгеден астам қаражатының ізін таба алмапты. Содан кешенді тексеру жүргізіліп, жауапты тұлғалар ағымдағы жылдың басында қамауға алынған болатын. Күдіктілер қыруар қаржы оқушылардың жаздық демалысы мен ыстық тамағына жұмсалды деп ақталуға тырысқан. Бірақ былтыр пандемия кезінде ешқандай мектеп, лагерьдің жұмыс істемегені белгілі.

5 айға созылған қылмыстық істің нүктесі қойылған сот отырысына онлайн режимде аудандық әкімдіктің лауазымды тұлғалары түгел қатыстырылды. Антикоррупциялық департамент өкілдері өзге мемлекеттік қызметкерлерге сабақ болсын деп ашық сот процесі әдейі ұйымдастырылғанын айтады. Тергеушілер алдын ала сөз байласу арқылы ірі көлемде бюджет қаржысын жеке бас пайдасына жұмсағандардың мүлкі тәркіленгенін жеткізді.  

Аймұрат Абаев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тергеушісі:

– Тергеумен анықталғандай, 2020 жылғы Toyota Camry автокөлігі, Lexus 460 автокөлігі 2007 жылы шыққан және Lexus ЕС 350 автокөлігі сатып алынғаны белгілі болды. Сонымен бірге күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, жиһаздар, еуропалық брендтегі киім үлгілері сатып алынғаны белгілі болды. 

Қамбар Бекенов, тілші:

- Бұл заңбұзушылықтар 2020 жылдың бюджеті есебінен жүргізілген. Ол кезде барлық білім бөлімдері және саланың қаржыландырылуы жергілікті әкімдіктердің құзіретінде болды. Яғни құмға сіңген судай ізім-қайым жоғалған 335 миллион теңгенің оңды-солды жұмсалмай, мақсатты игерілуін аудан басшылығы қадағалауы тиіс еді.

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы