Шымкентте құздан құлаған жігіт аттракционға ешкім жоқта кіріп кеткен

Шымкенттегі Жайлаукөл саябағында болған қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Кеше кешкісін 19 жастағы жігіт құзға өрмелеу кезінде аяғы тайып құлап кеткен болатын. Қазір ер адам жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің хабарлауынша, күрделі операция жасалған. Полицейлер ойын-сауық саябағының жұмысына тексеріс жүргізуді бастады. Барлық техникалық құралдарға зерделеу жүргізіледі. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін қауіпсіздік талаптарын сақтамаған кәсіпкерге 160 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Бүгін саябақтың жұмысы уақытша тоқтатылды. Алайда саябақ басшылығы аттракционнан құлап кеткен жігіттің билетсіз кіргенін және қауіпсіздік белдігін тақпағанын айтып отыр.

Лаура Нақыпкызы, қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Оқиға орнына барған медицина қызметкерлері науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізді. Тексеру кезінде науқастың бас сүйек маңдайшасы жарақаттанғаны анықталып, шұғыл түрде операция жасалды. Қазірде науқастың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.

Олжас Әлжанов, қалалық ПД Әль-Фараби аудандық пб анықтау бөлімінің бастығы:

- Оқиға бойынша ҚР ҚК 306-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстық іс бойынша қылмыстық теріс қылықтардың қатарына жатады. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.