loader


ШҚО-да су тасқынына қарсы шаралар күшейтілді

Шығыс Қазақстан облысы да жол бойын күзетіп отыр.

Әсіресе Өскемен-Алтай және Өскемен-Семей арасы басты назарда. Өйткені дәл осы аумақтарды су шайып кету қаупі бар. Қазір арнайы техникалар суағарларды тазартып, мамандар өткелдерді бақылауға көшкен.

Тасқын жол таңдамайды. Екпіні дес бермесі анық. Сондықтан тек елдімекендер ғана емес, соларды жалғап тұрған күрежолдарға да төнген қатер зор. Ержан Мешелев 15 жыл бойы жол бойында жұмыс істеп келеді. Қыс қарлы боранымен әбігерге салса, көктем одан да қиын болғалы тұр дейді ол. Дәл қазір Өскемен-Алтай бағытындағы жолдың бойын жолаушыларға барынша қолайлы әрі қауіпсіз ету үшін жанталасып жүр.

Ержан Мешелев, жұмысшы:

- Ой көп қой қар көп, енді оны тездетіп аршып шығару керек шама келгенше, күндіз-түні жол аршып қызмет етіп жүрміз. 

Автотрасса сапасын қадағалаушылар да қазіргі дайындықтың маңызы зор екенін жасырмайды. Өйткені үйілген қар әп-сәтте ерісе, жол төсемінен түк қалдырмайды.

Айдос Қабылбаев, облыстық жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері:

- Мысалы, жол жабынында  тоқтау сулар пайда болуы мүмкін, бұл әрине жол қауіпсіздігіне әсер етеді, екіншіден ол су тұра берсе, жол төсеміне сіңеді және ол жол төсемдерінің отыруына және жолдың жағасының жайылуына да әкелуі мүмкін.

Облыста республикалық маңыздағы жолдың ұзындығы 1200 шақырымнан асады. Бойында мыңнан астам құбыр, жүзден аса көпір бар. Оның барлығы көктемге сақадай-сай тұруы шарт.

Асылжан Баймұхамбет, №30 жолды пайдалану учаскесінің бас инженері:

- Су құбырларын тазалау жұмыстары, жол жағасын кеңейту жұмыстары атқарылуда. Өскемен Алтай, Өскемен Семей, Алматы Өскемен тас жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен айналысудамыз.

Осы шаруалардың барлығы наурыздың ортасына дейін аяқталуы тиіс. Жалпы қазір өлке тасқынға жоғары дайындық режімінде. Су көтерілсе әсіресе 71 елді мекен қауіп көзінде тұр.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...