Ұлытау облысында ерекше қажеттілігі бар балаларға тәлім беретін педагог мамандардың тапшылығы өткір тұр.
Әсіресе, педагог-психолог, логопед, дефектолог аз. Тұтастай бір облыста бірде-бір сурдопедагог жоқ. Соның салдарынан ата-аналар балаларын емдеу-түзеу кабинеттеріне беру үшін ұзынсонар кезек күтуге мәжбүр.
Толқын Балқыбаеваның ұлы биыл сегізге толады. Сөйлеу қабілеті нашар, аутизм дертіне шалдыққан. Анасы үйде тәлім алатын перзентінің қоғаммен етене араласқанын қалайды. Өкінішке орай, оған мүмкіндік аз. Үнемі қолдауға зәру бала осы уақытқа дейін түзеу кабинетіне небары 4-ақ рет барған.
Толқын Балқыбаева, көпбалалы ана:
- Менің баламда СДВГ. Сөз жоқ, міне биыл 8-ге келеміз. Бізге мамандар постоянно керек. Дефектолог, логопед, психолог керек. Оның барлығын систематический айма-ай алып тұруымыз керек. Сол себепті біз платныйларға баруға мәжбүрміз.
Ерекше қолдауды қажет ететін балаларын жалпы білім үрдісіне толық енгізуді қалаған Толқын секілді ондаған ана психологиялық түзеу кабинеттеріне кезегін тосып жүр. Маман тапшылығына байланысты мектептерде инклюзивті сыныптар саны шектеулі. Облыс орталығы Жезқазғанның өзінде 30-дан астам дефектолог маман қажет.
Алма Әбдімұратова, Психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес мекемесінің маманы:
- Бізде логопед, дефектолог мамандар жетіспейді. Сонымен қатар ауыл-аймақтарда, мысалы Ұлытау ауданы бойынша айта кетсек, дефектолог маманы мүлде жоқ. Логопед маманы Жезді кентінде және Ұлытау ауданында бір маман бар. Ал сөйлеу тілі бұзылыстары бар балалар немесе мінез-құлық бұзылушылықтары бар балалар саны күннен-күнге артуда.
Облыста ерекше қолдауды қажет ететін 1780 бала бар. Әзірге олардың тек жартысы ғана арнайы және инклюзивті сыныптарда білім алады. Сұранысты толық қамтамасыз ету үшін қосымша 20-шақты сынып ашу қажет. Бірақ, оған маман тапшылығы мүмкіндік бермейді.
Елжан Асылбаев, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:
- Арнайы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына осы мамандарды даярлайтын мамандықтарды ашуға біз жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орындарына және де арнайы мамандар дайындайтын оқу орындарына сұраныс хаттарын жолдаудамыз. Мамандар тарту мәселесін қарастырудамыз.
Өңірде педагогикалық кадр дайындайтын арнайы жоғары оқу орны жоқ. Білікті педагогтерді өзге облыстардан шақыртуға мәжбүр. Әзірге сырттан келген мамандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ғана қолдау бар. Сондықтан облыстық білім басқармасы жас мамандарды ынталандыру бағытындағы жұмыстардың жоспарын жасауға кірісті.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева
