loader


Өскемендік Анастасия Светочёва сұрапыл соғыста әскери байланысшы болған

Сұрапыл соғыста әскери байланысшы болған, қазір жасы 100-ден асып бара жатқан Анастасия Светочёва Өскеменде тұрады.

Ардагер жергілікті әскери бөлімдердің офицерлері мен жас сарбаздардың өнерін тамашалады.

 «Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежелі кавалері Анастасия Светочева офицерлердің құттықтауларын қабылдады. Ғасыр жасаған әжей соғыс әуендерін естіп, Жеңіс күнін еске алды.

Анастасия Светочева, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Сол кездегі әндер ешқашан өзгермейді. Біз «Катюша», «Үш танкист» әндерін шырқайтынбыз. Бәрі есімде.

Анастасия Павловна 101 жасқа толса да, әлі тың. Соғыстағы жерлестерінің ерлігі мен бейбіт өмірдегі тірлігін естен шығармаған. Сонау 1941 жылы Шығыс Қазақстан облысынан  87 мың азамат майданға аттанды. Бүгінде сол ерлердің 17-сі ортамызда.

Анастасия Светочева, Ұлы Отан соғысының ардагері:

- Аспанымыз ашық болсын. Ең бастысы, бейбітшілік үстем болсын. Жастарға денсаулық, бақыт тілеймін!

Анастасия Светочева алғашқы әскери билетін көзінің қарашығындай сақтап келеді. Соғыс жылдарындағы негізгі ұрыстардың уақыты мен өткен жерін ұмытпаған. Жас сарбаздар мен оқушылар ардагердің шаңырағына жиі келеді. Олар үшін әр кездесу ерлік сабағы іспеттес.

Дархан Мұхтариев, 5518 әскери бөлімі тобының командирі.

- Ардагерлеріміздің арқасында аспанымыз ашық, күніміз бейбіт. Олардың ерлігі – біз үшін үлгі, өмірлері – өнеге.

Ерасыл Мұхитхан, оқушы:

- Бұл мереке біз үшін, ұрпақ үшін маңызды екенін білеміз. Ұлы Жеңіс құтты болсын!

Жас сарбаздар үшін әрт қарт майдангер –отансүйгіштік пен асқан ерліктің белгісі. Отан үшін отқа түскен жауынгерлердің жауынгерлік  жолы келер ұрпақтың жадында мәңгілікке сақталады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Вячевлав Ветлугин, дмитрий Пыхтин