loader


Қостанай облысындағы ауыл мектебінде телестудия ашылды

Қостанай облысының Сарыкөл кентіндегі мектепте телестудия жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық сыныпқа смарт тақта қойылған. Робот техникасы кабинеті де бар. Жиһаздар толық жаңартылып, басқа да заманауи әдістемелік құралдармен жабдықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағын телестудиядағы үйірмеге қазір 12 бала келіп жүр. Олар бұл жерден телеарна жұмысының әліппесін үйренеді. Студияда сұхбат жазады, түрлі тақырыпта роликтер түсіріп монтаждайды. Дайын өнімді көрерменге әлеуметтік желідегі мектептің парақшасы арқылы таратады.

Виолетта Жак, оқушы:

- Мұнда түрлі роликтерді екі аптада бір рет дайындап көрерменге ұсынып отыруға тырысамыз. Бізде өздері тақырыптық сюжеттер түсіріп, конкурсқа қатысып, жүлделі орындар алып жүрген балалар бар.

Валерия Гунько, оқушы:

- Біз негізінен мектеп өмірі жайлы түсіреміз. Мерекелік іс-шаралар да назардан тыс қалмайды. Әзірге бейнекамера мен ноутбук жоқ. Бейнежазбаны телефонға түсіріп монтаждаймыз.

- Мысалы тест болса, балалар QR-кодпен келеді де тест тапсырады. Бәрін санап шығады өзі. Мұғалім отырмайды.

Балалардың сабаққа деген ынтасын арттырып, қызығушылығын тудырған дүниенің бірі – смарт тақталар. Мұнда тек жазып, сызып қана қоймай, пәндер бойынша тақырыптық анимация, деректі, көркем фильмдер көрсетіледі. Ал кітап сирек пайдаланылады.

Гүлмира Ізтулина, мұғалім:

- Күнде үйренген нәрсені балалар бізден артық біледі. Қалай жұмыс істейді. Сабақ барысында өте тиімді. Бұрын біз көрнекі құрал іздеп, қағаздарымызды тақтаға іліп. Ал қазір тамаша. Бұл белсенді тақтаны қойдық. Балаларға көрсеттік.

Сарыкөл ауданында биыл 3 мектеп бастан-аяқ жөнделеді. Бірақ олардың қатарында бұл білім ордасы жоқ. Ал жоғары жылдамдықты интернет ақпан айының соңына дейін қосылуы тиіс. Жалпы, елімізде осындай озық технология енгізілген 17 ауыл мектебі бар. Әрқайсысына 250 млн теңге «Қазақстан Халқына» қорынан бөлінді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.

Сондай-ақ...